![]()
Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту және әдебиетке деген қызығушылығын арттыру – қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Кентау қаласында «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жоба аясында Кентау қалалық орталық кітапханасы мен №1 балалар кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен Әлішер Науаи атындағы №17 жалпы орта мектептің 7–10-шы сынып оқушылары арасында танымдық кездесу өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында оқушыларға республикалық жобаның негізгі мақсаты мен міндеттері таныстырылып, кітап оқудың адам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Кітаптың білімді тереңдетуге, ойлау қабілетін дамытуға, дүниетанымды кеңейтуге және адамның рухани қалыптасуына тигізетін ықпалына ерекше назар аударылды.
Кітапхана қызметкерлері жасөспірімдерді жобаға белсенді қатысуға, өздері оқыған шығармаларымен бөлісуге, әдеби туындыларды талдап, алған әсерлері мен ой-пікірлерін ортаға салуға шақырды. Мұндай кездесулер оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың оқығанын түсіну, саралау және өз ойын еркін жеткізу дағдыларын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Жобаның нәтижесі кітапхана оқырмандарының жетістіктерінен де көрініс табуда. Мәселен, Кентау қалалық №1 балалар кітапхана-филиалының тұрақты оқырманы Бақытжан Аймерей республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонында 1400 ұпай жинап, өзінің кітап оқуға деген ынтасы мен ізденісін танытты. Бұл – жас оқырманның жүйелі еңбегі мен білімге құштарлығының нәтижесі. Оның жетістігі қатарластарына үлгі болып, кітаппен достасудың адам дамуына қосар үлесін айқындай түседі.
Бүгінде кітапханалардың міндеті оқырмандарға кітап ұсынумен ғана шектелмейді. Олар балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыратын, әдеби талғамын қалыптастыратын, шығармашылық қабілеті мен зияткерлік әлеуетін дамытатын маңызды мәдени орталықтарға айналып келеді. Осы ретте мектептермен бірлескен кездесулер, көшпелі кітап көрмелері, әдеби марафондар мен танымдық жобалардың маңызы зор.
Кентауда жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» бастамасы да осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы. Жас ұрпақты кітап оқуға баулу – тек білім беру мекемелері мен кітапханалардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені кітаппен өскен ұрпақтың ойы озық, танымы терең, рухани дүниесі бай болады. Ал кітап оқитын ұлттың болашағы да кемел болмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
