Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі: “Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет етуді, жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы міндет”

Loading

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні – ел басқару жүйесінің тиімділігі мен халыққа қызмет ету қағидатын берік ұстанып жүрген азаматтардың еңбегіне құрмет көрсетілетін ерекше күн. Мемлекеттік қызмет – жай ғана мамандық емес, мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір болатын жауапты миссия.

Осыған орай Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудандағы әріптестерін құттықтады.

“Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Қадірлі әріптестер!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – 23 маусым Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет етуді, жоғары жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін абыройлы міндет. Халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне қосып жүрген еңбектеріңіз қашанда зор құрметке лайық.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігі, адалдығы мен іскерлігі ел сенімін ақтап, қоғам игілігі жолындағы маңызды бастамалардың табысты жүзеге асуына негіз болып келеді.

Осы айтулы мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс пен биік белестер тілеймін. Ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болып, халық сеніміне лайық еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін! Мемлекеттік қызметшілер күні құтты болсын!” – деп, ізгі тілегін білдірді.

Бүгінде Созақ ауданында мемлекеттік қызметшілер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі еңбек етіп келеді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы оң өзгерістердің барлығы мемлекеттік қызметшілердің күнделікті кәсіби еңбегімен тығыз байланысты. Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әрбір бастаманың табысты орындалуы мемлекеттік аппарат жұмысының нәтижелілігін көрсетеді.

Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында биыл Созақ ауданында ауылдық елді мекендерге жұмысқа келетін мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді. Аудандық мәслихаттың 2026 жылғы шешіміне сәйкес, ауылдық жерге келген мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беру тетігі қарастырылған. Бұл – ауылдық жерлерге білікті кадрларды тартуға бағытталған маңызды әлеуметтік қолдау.

Мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халық сенімі. Сондықтан мемлекеттік қызметші кәсібилікпен қатар, адалдықты, әділдікті, жауапкершілікті және ашықтықты басты құндылық ретінде ұстануы тиіс. Әрбір қабылданған шешім, көрсетілген мемлекеттік қызмет пен атқарылған жұмыс ең алдымен азаматтардың мүддесіне қызмет етуге бағытталуы қажет.

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде үздік мемлекеттік қызметшілер марапатталып, жас мамандар мемлекеттік қызметшінің антын қабылдады. Бұл игі дәстүр мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, кәсіби жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Мемлекетке адал қызмет ету – әрбір мемлекеттік қызметшінің ең үлкен абыройы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You