Отырар ауданында «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы тұрақты түрде жүзеге асырылады

Түнеугүні Отырар ауданына арнайы іссапармен келген Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов аудан орталығында мектеп директорлары және білім беру ұйымдарының психолог мамандарымен кездесу өткізді.

Кездесуге Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы Құлмаханов пен Отырар ауданының прокуроры арнайы қатысып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы — «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы алгоритмі аясында балалардың құқықтарын қорғау, олар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту болды. Жиынға сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, салалық мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Кездесу барысында облыс прокурорының орынбасары балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу, мектептер мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын нығайту мәселелеріне ерекше тоқталды. Жиын соңында қатысушыларға нақты тапсырмалар беріліп, мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірлескен жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.

Аудан көлемінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жиын соңында аудан әкімінің орынбасары ауданға арнайы келіп түсіндіру жұмыстарын жүргізген Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисовке аудан халқының атынан алғыс айтты.

Тағы бір атап өтерлігі, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Алдымен аудандық білім бөлімінің бас маманы Қаракөз Төлендиева өмірлік қиын жағдайға түскен отбасылар мен олардың кәмелетке толмаған балаларының жай-күйі туралы баяндаса, Аққұм ауыл округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Санжар Сейілханов ауыл округіндегі қиын жағдайға түскен отбасыларды анықтау және оларды сүйемелдеу жұмыстары туралы атап өтті.

Отырыста қаралған мәселелерге байланысты қиын жағдайға түскен отбасыларға қолдау көрсету, кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жауапты мамандардың жұмысына талдау жүргізу, мектеп жасындағы балалардың білім алуына жағдай жасау, түрлі үйірме жұмыстарына тарта отырып психологиялық көмек көрсету, жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуды ұйымдастыру мәселелерінде туындаған қиындықтарды жан-жақты талқылап, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында комиссия төрағасы Айдос Құлмаханұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардын аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуы қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұнан өзге аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы да өтті. Мәжіліске комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары және тиісті сала басшылары қатысты.

Комиссияның күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Атап өтсек, 2025 жылдың 9 айында аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде атқарылған іс-шаралары туралы аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жұмабек Төлегенов баяндама жасады.

Сондай-ақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Досхан Рахматуллаев жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған арнайы жол белгілері мен бейнебақылау камераларының жай-күйі туралы хабарлама жасады.

Бөлім маманының мәліметінше, 2025 жылы аудан аумағында жол белгілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, аудан орталығы – Шәуілдір ауылындағы «Жібек жолы» даңғылы, Д. Алтынбеков көшесі және ішкі көшелерге қажетті жол белгілері орнатылып, жасанды жол кедергілері мен жаяу жүргіншілер жолақтары сызылған.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шәуілдір-Төрткүл, Шәуілдір-Ақдала, Шәуілдір-Көксарай бағыттарындағы автожолдар бойына үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында арнайы ескерту паноларын орнату жоспарланған.

Жиын барысында Шілік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Орынбасаров баяндама жасап, Шәуілдір–Шілік бағытындағы жол бойында орналасқан шаруашылық иелеріне ескерту берілгенін және ірі қара мен түйе сияқты ірі жануарларға түнгі уақытта жарық шағылыстыратын жапсырмалар орнатылғанын мәлімдеді.

Қорытынды сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде қараусыз жүрген үй жануарларының иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және бақташы ұйымдастыруды ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You