![]()
Апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кезекті апталық аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл округтерінің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде әлеуметтік-экономикалық даму, қысқы маусымға дайындық, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиында алдымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай «Жыл қорытындысымен бюджеттік болжамды игеруі және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы» баяндама жасап, бюджеттік жоспардың орындалуы мен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.
Келесі мәселе бойынша Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Досжан Майлыбеков пен аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Есбол Қасымбеков қыс-көктем кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Расын айту керек, жылу беру маусымы басталған уақытта тұрғын үйлер мен пәтерлердегі өрт оқиғалары арта түседі, оның себебі көбінесе, жылу беру жүйелерін пайдалану және жылу пештерін орнату кезінде, электр желісіндегі ток кернеуінің шамадан тыс көбеюінен, өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы салдарынан болып жатады. Әсіресе, бұл кезеңде улы газбен улану факторлары жиі орын алады. Адам өміріне қауіпті улы газбен уланудың алдын алу үшін ең бірінші орында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың өзі аса маңызды.
Осы мақсатта түнеугүні аудан әкімінің орынбасары Қ.Құнанбайұлының төрағалығымен жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторларында өрт профилактикасын жүргізу іс-шараларының жоспарына сәйкес өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша жиын өткен-ді. Жиын барысында төтенше жағдайлар бойынша қауіпсіздік ережелерін сақтау және азаматтық қорғаныс жұмысын басшылыққа алу туралы айтылып, мекемелерде өрттердің және олардың салдарының алдын алуға бағытталған шараларды жүргізу қажеттігі түсіндірілді.
Өрт тілсіз – жау екендігі баршамызға белгілі. Қоғамда орын алып жатқан өрттердің басым көпшілігі азаматтық қорғау саласының қызметкерлерінің бақылауында болмайтын нысандарда, яғни жеке тұрғын үйлер мен жеке меншік басқа да нысандарда болып жатады. Бұл дегеніміз, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың өзінің және басқа да жақындарының өмірінің қауіпсіздігіне бейжай қарайтындығын көрсетеді. Сондықтан тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын белсенді ұйымдастырудың маңызы зор.
Бұдан бөлек қарашаның 20-сында аудан аумағында өрт қауіпсіздігін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін күшейту мақсатында бүгін аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Құнанбайұлының төрағалығымен арнайы профилактикалық шара өтті. Шараға ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, төтенше жағдайлар бөлімі, полиция қызметі, газ инспекциясы, қазақгаз АҚ Отырар аудандық бөлімше мамандары, Оңтүстік жарық мекемесінің мамандары, денсаулық сақтау және білім саласының жетекшілері қатысып, өңірдегі ахуал талқыланды. Жиын барысында өрттің туындау себептері, тұрмыстық қауіпсіздікті сақтау жолдары және алда атқарылатын міндеттер кеңінен қарастырылды.
Жиыннан кейін аудан әкімінің орынбасары тиісті сала мамандарымен бірге көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Әсіресе, газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, электр желілерінің қауіпсіздігі, қыс мезгіліне дайындық, балаларды қауіп-қатерден сақтау мәселелері ерекше назарға алынды. Сонымен қатар тұрғындарға арнайы ақпараттық брошюралар таратылып, үй жағдайында қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде кеңестер берілді.
Осы ретте маңызды дерекке назар аударта кетсек. Аудан бойынша табиғи газбен 5892 тұрғын үй қамтылған болса, бүгінгі күнге дейін 3951 тұрғын үйге түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілген. «Бұл жұмыстар жыл соңына дейін және одан кейін де жүйелі түрде жалғаса береді», — деп отыр жауаптылар.
Өрт қауіпсіздігі – тек мамандардың ғана емес, әр азаматтың өз отбасына, өз үйіне деген жауапкершілігі. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – өзімізді және жақындарымызды қорғаудың ең тиімді жолы!
Қарашаның 20-сында мұнан өзге Отырар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен төтенше жағдайлар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық түсіндіру жиыны да өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Қ. Шербаев және білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов мектептерде қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, аудандағы орын алып жатқан оқиғалар басшылықтың назарында екендігін жеткізді.
Жиында Қ. Шербаев мектептерде өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ жылыту қазандықтарын тұрақты тексеріп отыруды, өрт шығу тетіктерін және электр сымдарының қауіпсіздігін бақылауды тапсырды.
Мектептерде қажетті техникалық құралдардың толық болуы қадағаланды. Сонымен қатар, оқушыларға өрт және төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін жүйелі түрде түсіндіру міндеттелді. Білім беру ұйымдарының басшылары профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізуге жауапты болды. Жиында төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдері қаралып, қызметкерлердің жауапкершілігі ерекше атап өтілді. Қауіпсіздік шаралары мен бақылау жүйесі барлық мектептерде тиімді жүзеге асырылатыны айтылды. Жиын соңында қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Тағы бір атап өтерлігі, 27 қарашада Отырар ауданында қыс мезгілінде орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында «Қыс – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шараға Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен барлық жауапты бөлімдердің қысқы кезеңге дайындығын тексерді.
Аудан басшысы қыс маусымында табиғи жағдайлардың күрт өзгеруі тұрғындардың қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Ол сөз сөзінде: «Бұл оқу-жаттығу қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге, әлсіз тұстарды анықтауға және қысқы кезеңге жан-жақты дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді.
Оқу-жаттығу барысында аудан аумағында болуы мүмкін ықтимал жағдайларға ден қою механизмі талқыланып, жауапты құрылымдардың іс-әрекеті тәжірибе жүзінде тексерілді. Шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жедел медициналық жәрдем, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, газ-электр мекемелері және басқа да сала өкілдері қатысты. Оқу-жаттығуда барлық құрылымдардың дайындығы бағаланып, әрқайсының төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмі, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, жеке құрамның дайындық деңгейі, қажетті техника мен құрал-жабдықтардың жарамдылығы сарапталды.
Мұнан өзге Түркістан облысының Азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың тапсырмасы аясында Отырар ауданында «ҚЫС-2025» практикалық оқу-жаттығу жұмыстарының екінші кезеңі «Қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою кезінде АҚМЖ күштері мен құралдарын басқару» тақырыбымен өтті.
Бекітілген командалық-штабтық оқу-жаттығу тематикасына сәйкес, Отырар ауданы аумағында жылдамдығы 25-28 м/с дауылды қатты тұрған жел, қатты жауған қар және ауа температурасы суытуы «-25» әсерінен облыс орталығымен байланыс үзілген. Негізгі облыстық маңызы бар жолдарда көк тайғақ орын алған. 6 жеңіл көлік жолда қалған, зардап шегушілер жоқ. Сонымен қатар, қатты дауылды жел әсерінен 5 шақырым әуе желісінің электр сымдары үзіліп, 20 дана бағана құлап, жарықсыз, байланыссыз қалған.
Тақырыптық жоспар бойынша «Шәуілдір – Төрткөл» автомобиль жолында көк тайғақ әсерінен жолдан шығып қалған 6 дана жеңіл автокөліктер шығарылып, көмектер көрсетілді.
Отырар ауданының аумақтық азаматтық қорғаудың жоғары дайындықтағы шұғыл ден қою жиынтық жасағының қатысуымен автомобиль жолдарына блок бекеттер қою, қозғалысқа уақытша шектеулер енгізу, жолда қалған азаматтарды іздестіру және құтқару, шұғыл медициналық жедел жәрдем, жылыту пункттеріне орналастыру, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, азық-түлікпен қамту, медициналық және моральды-психологиялық қолдау көрсету, аумақтағы электр және байланыс желілерінде пайда болған ақаулықтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Аппарат мәжілісіне оралайық. Мұнан соң ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мұраділ Кизбаев орындаушылық тәртіптің орындалу барысы жөнінде баяндама жасап, ведомстволық құжат айналымының сапасын күшейту бағытындағы шараларды атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Саттар Нәлібай тұрғын үйлерді жөндеу, жылыту маусымының өтуі, елді мекендерді газдандыру және «Таза Қазақстан» акциясының орындалу секілді мәселелер бойынша хабарлама жасады.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
