
Бүгін аудандық мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ата Заңға – 30 жыл» атты салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға келген қонақтар алдымен аудандық орталық кітапхананың «Ата Заңым — айбарым» атты кітап көрмесін тамашалады. Мұнан соң мерекелік жиынның ашылуында Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, көпшілік ерекше тебіреніспен қосыла шырқады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Конституция Тәуелсіздігіміздің тірегі, ел бірлігінің кепілі екенін атап өтті.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Ғасырлар тоғысында асқақтай көтерілген Тәуелсіздік туы ел өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан жылдар бойы ата-бабаларымыз армандаған егемендікке қол жеткіздік. Ішкі және сыртқы саясатымызды ұлттық мүдде арнасында тоғыстырып, демократиялық дамудың даңғыл жолына түстік. Соңғы жылдары өндірістегі серпілістер мен өзгерістерге байланысты Республика тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімі нығая түсуде. Халықаралық аренадағы, экономикадағы, әлеуметтік-тұрмыстық саладағы қол жеткен оң жетістіктеріміздің барлығы мемлекеттігіміздің сара саясатын айқындап берген Ата Заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Осынау қол жеткен жетістіктерді баянды ете отырып, оны ары қарай жалғастыру елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың абыройлы борышы», — дей келе, барша отырарлықтарды қастерлі мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, іс-шара барысында аудандық мәслихат депутаты Аралбай Асан көпшілікті айбынды еліміздің айтулы мерекесімен құттықтап, Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының, тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі екенін атап өтті.
Жиында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында жан-жақты ізденіспен жұмыс жасап, қоғамдағы саяси тұрақтылықты, татулық пен бірлікті қамтамасыз етуде табыс биігінен көрінген бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Мерекелік шарада аудандық полиция бөлімінің басшысы Берік Нышанбаев баяндама жасап, өз баяндамасында Конституция — заң үстемдігінің берік орнап, қоғамның ілгері дамуына қызмет ететін айрықша құжат екеніне айрықша тоқталды.
Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген салатанатты іс-шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
