Отырар ауданында «Заң мен тәртіп» жобасы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді

Бүгін Отырар ауданының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» жобасы аясында тұрғындарға құқықтық көмек көрсету мақсатында «Халық заңгері» акциясын Арыс ауылындағы Мансап орталығы мен Ш.Қалдаяқов ауылындағы Абай атындағы орта мектепте ұйымдастырды.

Іс-шараға мемлекеттік уәкілетті органдардың өкілдері, кәсіби заңгерлер, сондай-ақ ауданның құқық қорғау және әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәселелерді жедел және қолжетімді түрде түсіндіру, тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттері жөніндегі білімін кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар сұрақтар бойынша тиімді кері байланыс орнату болды.

Кездесу барысында аудан тұрғындары еңбек даулары, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, әкімшілік құқықбұзушылықтар, отбасы-тұрмыстық құқық, пробация саласы, кәсіпкерлік мәселелері және өзге де құқықтық тақырыптар бойынша кеңес алды. Әрбір келушіге жеке қабылдау жүргізіліп, өтініштері мен проблемалық сұрақтарына нақты түсіндірмелер берілді. Мемлекеттік органдар өкілдері тарапынан көрсетілетін қызметтер, мемлекеттік бағдарламалар мен құқықтық тетіктер туралы ақпарат ұсынылып, туындаған мәселелерді шешудің заңды жолдары түсіндірілді.

Сонымен қатар, прокуратура қызметкерлері азаматтардың өтініштерінде көтерілген жекелеген мәселелер бойынша тиісті органдарға тапсырмалар беріп, бақылауға алатынын атап өтті. Акция барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі жергілікті атқарушы орган, полиция бөлімі, әлеуметтік қорғау және жер қатынастары саласына қатысты болғандықтан, әр орган өз құзыреті аясында нақты ұсыныстар мен түсініктемелер берді.

Отырар ауданы прокуратурасы мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындармен тікелей диалог орнатуға, құқықтық мәдениетті көтеруге және азаматтардың заңды құқықтарының қорғалуын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» жобасы шеңберінде осы бағыттағы шаралар жалғасын табатын болады», — дейді жауаптылар.

Жалпы, аудандық прокуратура «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында көптеген шараларға мұрындық болып жүр. Мәселен, қараша айында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында Отырар ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен пробация қызметі есебіндегі тұлғалардың қатысуымен кіші футболдан спорттық іс-шара өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамға қайта бейімделуге ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықбұзушылықтың алдын алу. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өзара тартысты ойын көрсетті. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы сыйлықтармен, кубок және медальдармен марапатталды. Іс-шара спорттық жарыс қана емес, әлеуметтік оңалтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек өткен айда аудандық мәдениет сарайында Отырар ауданы прокуратурасының бастамасымен, Мансап орталығының ұйымдастыруымен аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі де өтті. Іс-шараға жұмыс іздеуші азаматтармен қатар, пробация есебінде тұрған тұлғалар, сондай-ақ жұмыс беруші мекемелер мен мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жәрмеңке барысында қатысушыларға жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар таныстырылып, жұмысқа орналасу тәртібі мен заңдық мүмкіндіктері жөнінде кеңес берілді. Тұрғындар ұсынылған бос жұмыс орындары бойынша тікелей сұхбаттасып, кейбірі сол жерде алдын ала келісімге келді.

Қоғамдық шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудан прокуроры Әмір Полатұлы, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, мұндай шаралар азаматтарды еңбекке ынталандырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және аудан экономикасының дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.

Бүгін Отырар ауданының орталығында аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның бірлесіп ұйымдастыруымен «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ билік пен халық арасындағы сенімді және ашық диалогты орнату болып табылады.

Акция барысында аудан тұрғындарына прокуратура, полиция, әділет органдары, сот және жергілікті атқарушы құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіби заңгерлер мен адвокаттар тарапынан тегін кеңес берілді.

Құқық саласының мамандары тұрғындардың әлеуметтік, тұрғын үй, еңбек, отбасылық және жер қатынастарына қатысты сауалдарына жауап беріп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Халық заңгері» республикалық акциясы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Ал қазан айында Отырар ауданында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.

«Отбасын қолдау орталығы» КММ ғимаратында өткен іс-шара Отырар ауданы прокуратурасының бастамасымен «Құқықтық дәріхана» акциясы шеңберінде ұйымдастырылды. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен құқықтық мүмкіндіктер туралы жан-жақты түсіндіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындардың өтініштерін жедел қарау болып табылады.

Кездесу барысында аудан тұрғындары жер қатынастары, әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлікті дамыту, салық және құқықтық кеңес алу бағыттарында сұрақтар қойып, тиісті сала мамандарынан нақты жауаптар алды.

Мобильді топ мүшелері азаматтарға заң аясында кеңес беріп, олардың құқықтары мен міндеттері туралы толық ақпараттандырды. Сонымен қатар, кейбір өтініштер бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар беріліп, мәселелердің шешілу барысы бақылауға алынды.

Сондай-ақ Отырар аудандық прокуратурасы мен аудан әкімдігі бірлесіп, «Мансап» орталығында тұрғындарға арналған «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Мақсат: халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қолжетімді заң көмегін ұсыну. Шара барысында тұрғындар жер алу, ауыз су, жұмыссыздық, тұрғын үй алу, әлеуметтік көмек алу секілді мәселелер бойынша сауалдарын қойып, жауапты мамандардан тұщымды жауап алды.

Қазан айының ортасында «Заң және тәртіп» жобасын іске асыру аясында Отырар аудандық Прокуратурасы мен аудан әкімдігінің, денсаулық, құқық қорғау органдарының және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп аудандық «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығында «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әрбір азаматқа қолжетімді әрі уақытылы заң көмегін қамтамасыз ету.

Айта кетейік, кеңестер толығымен тегін, алдын ала жазылусыз және қарапайым әрі түсінікті форматта өткізіледі.

«Құқықтық дәріхана» аясында кез келген аудан тұрғыны прокуратура өкілдері мен аудан әкімдігінің салалық уәкілдеріне өз сауалдарын қойып, кәсіби кеңес ала алады. Әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтардың – зейнеткерлердің, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You