
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары негізінде «Заң мен тәртіп» қағидасы мен «Адал азамат» жобасын жүзеге асыру мақсатында Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ-нің Ақсукент бөлімшесі ғимаратында кездесу өтті.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы Айтбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Мұрат Мырзатайұлы Есалиев, ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Тұрар Керімұлы Құдайбергенов, Е.Сарманов атындағы агроэкономикалық колледжінің «Студенттік ассамблеясының» төрағасы Нұрбану Нұрланқызы Муталип және этнос жастары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесуде Базарбай Мамадиярұлы биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және тәртіп» – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін жергілікті атқарушы органмен қоғамдық ұйымдар арасында ортақ көзқарас пен ұстаным болуға тиіс. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады. Заң салтанат құрмаған, тәртіп сақталмаған мемлекеттің ілгері басуы қиын» деген ойын негізге алып, кәмелеттік жасқа толмағандардың өмірлік ұстанымында ата-ананың жауапкершілігін арттыру бағытындағы атқарылатын жұмыстар туралы ойымен бөлісті.
Ал Мұрат Есалиев: «Қазақтың маңдайалды жазушысы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт керек: ең әуелі – ниет және күш, одан соң тәртіп керек», – деген екен. Сол айтпақшы, елдік мұратқа көп болып ұйып, күш біріктіргенде ғана жетуге болады», — деді.
Өз кезегінде Тұрар Құдайбергенов: «Сандық технологияға қатысты сауаттың кемдігі, азаматтардың жеке басына қатысты ақпараттарға салғырт қарауы салдарынан кибер алаяқтық күн санап көбеюде. Цифрлық кодекс – сандық технологияны қару еткен қылмыскерлерге тосқауыл қоюдың пәрменді құралы болуы тиіс. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалады», — деп сақтандыру шараларына тоқталды.
Кездесу барысында жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
