
Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс прокурорының өкімімен мүдделі органдардан арнайы жұмыс тобы құрылды.
Осыған сәйкес, Сайрам аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев және Сайрам ауданының прокуроры Бақытжан Тастемірұлы аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында тұрғындарға жол ережелерін сақтау, қауіпті учаскелерден өту тәртібі және жүргізушілердің жауапкершілігі бойынша кең көлемді ақпарат берілді.
Талдау нәтижесінде Батыс Еуропа — Батыс Қытай көлік жолында Сайрам ауданы арқылы өтетін бөлігінде жүргізушілер үшін қауіпті үш кері бұрылыс анықталды. Бұл учаскелерде апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта нақты өзгерістер енгізілетіні жеткізілді. Атап айтқанда, Қарасу ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылы маңындағы А-2 республикалық жол бағытындағы кері бұрылысты жабу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қарасу ауылдық округінің Әйтеке би — Қарабұлақ бағытындағы кері бұрылыс кеңейтіліп, екінші кері бұрылыс жабылмақ.
Бұдан кейін арнайы жұмыс тобы мүдделі органдармен бірге жиын өткізіп, апатты жағдайлар жиі тіркелетін аймақтарды жан-жақты қарастырды. Жиында жол қауіпсіздігін күшейту мен белгілемелерді реттеу, кері бұрылыстарды өзгерту және қауіпсіздікті арттыру бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.
Мәжіліс қорытындысында мүдделі органдарға жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқару тапсырылды.
Тақырыпқа орай айта өтер тағы бір мәселе, Түркістан облысының Полиция департаментінің ұсынысына сәйкес, Сайрам ауданы орталығының «Мәртөбе» алаңында кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алып отырған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ұйымдастырылған «Жол қауіпсіздігі апталығы» республикалық акциясына ауданның білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.
Бұл іс-шара оқушылар үшін танымдық әрі тәрбиелік маңызға ие болды. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Марифханованың ұйымдастыруымен өткен акцияға мектептердің сынып жетекшілері мен 70-ке жуық оқушы қатысты. Оларға жол қозғалысының негізгі ережелері мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп сақтау талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шараға Сайрам полиция басқармасының ЖПҚБ КТІЖ УПИ полиция аға лейтенанты Ақберді Бақдәулет арнайы шақырылып, оқушыларға жол белгілерінің маңызы мен қауіпсіз бағытты дұрыс таңдау, күнделікті өмірде сақтық шараларын орындау жөнінде тәжірибелік мысалдар келтіре отырып түсініктеме берді. Оқушылар полиция қызметкеріне өз сауалдарын жолдап, пайдалы кеңестер алды. Іс-шара оқушылардың жауапкершілігін арттыруға, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және сақтық дағдыларын нығайтуға бағытталды.
Акцияның басты мақсаты — жасөспірімдер арасында жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру және әрбір оқушының өз қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру. Түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, шара оқушылар үшін пайдалы болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
