![]()
Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Мәжілісте алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев баяндама жасап, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы мәлімет берді.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Адилбеков жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен байланыс орнату және психологиялық қолдау жұмыстарын жетілдіру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ жиында қызметтік автокөліктер бойынша берешектерді өндіру мәселесі қаралып, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру және көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты басымдығы екенін бірнеше рет атап өтті. Президенттің бастамасымен соңғы жылдары кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Бүгінде елімізде білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтердің жұмысын жетілдіру, балалардың қауіпсіздігін цифрлық бақылау жүйелерімен қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы шаралар жүйелі жалғасуда. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданында балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелерінің аудан әкімінің деңгейінде тұрақты қаралуы – қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың көрінісі. Себебі өскелең ұрпақтың өмірі мен амандығын қорғау – мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-ана, мектеп және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
