Сауран ауданындағы «Ауылды дамыту командасы» ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған

Loading

Ауылдың әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және әр отбасының тұрақты табыс көзін қалыптастыру – елді мекендерді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл ретте ауылдағы мәселелерді жеке-жеке қарастырмай, әр отбасының жағдайын зерделеп, қажеттілігіне қарай нақты қолдау көрсетуді көздейтін «Ауылды дамыту командасы» жобасының маңызы зор. Түркістан облысы Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде пилоттық негізде жүзеге асырылып жатқан бастама осы бағыттағы жүйелі жұмыстың үлгісіне айналып келеді.

Жобаның тәжірибесі мен іске асырылу тетіктері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бастаған және еліміздің оннан астам өңірінен келген делегация өкілдеріне таныстырылды. Құрамында өңір әкімдерінің кәсіпкерлікке жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары мен тиісті мекемелердің өкілдері бар делегация ауылдарды дамыту және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы тәжірибені зерделеді. Кездесу барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның негізгі міндеттері мен өңір үшін маңызын баяндап, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Бабайқорған ауылдық округінің құрамына Бабайқорған, Абай, Үлгілі және Құмайлықас елді мекендері кіреді. Мұнда жалпы саны 6 920 адам тұрады, 960 жеке қосалқы шаруашылық бар. Осындай ауқымды ауылдық аумақта жобаның басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жан-жақты зерделеп, әр отбасының әлеуметтік және экономикалық мүмкіндіктеріне қарай қолдау көрсету.

Бұл жұмыс бір реттік көмекпен шектелмейді. Жоба аясында еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқытуға бағыттау, жеке кәсіп бастауына жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуына мүмкіндік жасау көзделген. Яғни тұрғындардың қолындағы әлеуетті тиімді пайдаланып, өз еңбегі арқылы тұрақты табыс табуына жағдай жасауға басымдық беріледі.

Осы мақсатта жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандары бір командаға біріктірілген. Олар тұрғындарға қажетті құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу, қаржыландыру көздерін анықтау және кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша қолдау көрсетеді. Әр отбасының жағдайы жеке қарастырылып, ұсынылған көмектің нәтижесі тұрақты бақылауда болады. Мұндай тәсіл ауыл тұрғындарына тек кеңес беріп қана қоймай, бастамасын нақты іске айналдыруға дейін сүйемелдеуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын арттыру және тұрғындарды «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктеріне тарту. Бұл ретте Бабайқорған ауылдық округінде жұмыс істейтін ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің әлеуетін пайдалану жоспарланған. Ұсынылған модель бойынша 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооператив арқылы өткізуге жағдай жасау көзделеді. Сонымен қатар кооператив жұмысы аясында бес адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Аталған тетік ауыл тұрғындары үшін бірнеше мүмкіндік ұсынады. Біріншіден, жеке шаруашылықтар өндірген өнімін өткізу жолын кеңейтеді. Екіншіден, кооперация арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізуді жүйелеуге жағдай жасалады. Үшіншіден, жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыруға негіз қаланады.

«Ауылды дамыту командасы» жобасының ерекшелігі – ауылдағы әр отбасының жағдайын жеке зерделеп, қолдау шараларын нақты қажеттілікке сай ұйымдастыруында. Бұл тәсіл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, тұрғындардың кәсіпкерлікке бейімділігін арттыруға, еңбек әлеуетін іске қосуға және өз табысын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Ұлттық экономика вице-министрі мен өңірлер делегациясының Сауран ауданындағы пилоттық жобамен танысуы осы тәжірибенің өзге өңірлер үшін де маңызын көрсетеді. Бабайқорған ауылдық округінде қолға алынған жұмыс ауылды дамытудың басты өлшемі тек инфрақұрылыммен шектелмей, тұрғындардың табысы мен өмір сапасын арттыру екенін аңғартады. Ал әр отбасының әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі қолдау ауыл экономикасының тұрақты дамуына жол ашады.

Еске салайық, 15 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментінің директоры Нұрлан Мақсұтов арнайы жұмыс сапарымен Сауран ауданына келген болатын. Сапар барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Бабайқорған ауылдық округінде іске асырылатын «Ауылды дамыту командасы» пилоттық жобасы бойынша жоспарланған жұмыстармен таныстырды.

Аталған бастама Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынуда. Құжатта Ұлттық экономика министрлігіне Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, «Ауылды дамыту командасы» тетігін пилоттық режимде енгізуді қамтамасыз ету тапсырылған.

Нұрлан Мақсұтов сапар аясында жобаны енгізуге дайындық барысымен, аудан және ауыл деңгейінде атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарымен танысты. Ұсынылған жұмыс моделінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен табыс көздерін зерделеп, әр отбасының қажеттілігіне қарай жеке қолдау жоспарын әзірлеу көзделген. Осы жоспар арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқуға жіберу, кәсіп бастауға және мемлекеттік қолдау шараларына қатысуға жәрдемдесу қарастырылған.

Команда құрамына жұмыспен қамту, қаржы, құқық, ауыл шаруашылығы және жастармен жұмыс салаларының мамандарын тарту ұсынылған. Олар тұрғындарға құжат рәсімдеуден бастап, бизнес-жоспар әзірлеу мен жобаны іске асыруға дейін сүйемелдеу көрсетеді. Ауыл деңгейінде отбасылармен тікелей жұмыс жүргізіліп, көрсетілген қолдаудың нәтижесі тұрақты бақыланбақ.

Басым бағыттардың бірі – D және E санатындағы азаматтарды «Ауыл аманаты» жобасына тарту. Бұл міндет жобалық кеңес отырысының хаттамасында да белгіленген. Осыған байланысты Бабайқорған ауылдық округіндегі ет бағытындағы «Бауыржан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы жеке қосалқы шаруашылықтардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейту жоспарланған. Ұсынылған модельде 289 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімін кооперативке өткізуін ұйымдастыру және бес адамды жұмыспен қамту көзделеді.

Пилоттық жоба ауыл тұрғындарына көрсетілетін қолдауды өзара үйлестіріп, отбасылардың тұрақты табыс табуына жағдай жасауға бағытталған. Бабайқорған ауылдық округіндегі жұмыс тұрғындардың нақты қажеттілігі мен жергілікті шаруашылық мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You