Сауран ауданында 8,5 шақырым жаңартылған автомобиль жолы пайдалануға берілді

Loading

Бүгін Сауран ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жоба аяқталып, жаңартылған автомобиль жолы пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, атқарылған жұмыстардың сапасымен танысып, жолдың тұрғындар үшін маңыздылығына тоқталды.

Атап айтқанда, KXSN-4 «КХ-58 – Бабайқорған – Игілік – Майдантал» автомобиль жолының 8,5 шақырымдық учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба 2025–2026 жылдарға өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылды.

Айта кетейік, аталған жолды жөндеу мәселесі 2025 жылы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Сауран ауданы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген болатын. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс назарға алынып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Бүгінде көтерілген мәселе өз шешімін тауып, жол пайдалануға берілді.

Жөндеу барысында жол жабыны жаңартылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылды. Жаңартылған жол Бабайқорған, Игілік және Майдантал елді мекендері арасындағы көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға және елді мекендер арасындағы әлеуметтік-экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

“Жол сапасын жақсарту және елді мекендер арасындағы тұрақты көлік қатынасын қамтамасыз ету Сауран ауданындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының негізгі бағыттарының бірі саналады. Тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және ауданның жол желісін жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады”, — жергілікті билік өкілдері.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You