![]()
Жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осыған байланысты Сауран ауданы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, судағы қауіпсіздікті сақтау және балалардың заң талаптарын орындауын қамтамасыз ету мақсатында кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Рейд барысында аудан аумағындағы қоғамдық орындар, саябақтар, көшелер мен халық көп шоғырланатын аумақтар араланып, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, жаз мезгілінде орын алуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алуға ерекше назар аударылды.
Іс-шара кезінде кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүруге болмайтыны, қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігі және құқық бұзушылықтың салдары туралы жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жиілеп кеткен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жасөспірімдерге көлік құралдарын заңсыз басқарудың қауіптілігі айтылды. Кәмелет жасына толмаған балалардың мопед, скутер, мотоцикл және автокөлік тізгіндеуінің өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретіні ескертілді.
Сондай-ақ, жазғы шомылу маусымына байланысты судағы қауіпсіздік мәселесі де кеңінен түсіндірілді. Балаларға рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу, үлкендердің қарауынсыз су айдындарына бармау, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі айтылды. Себебі бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Рейд барысында ата-аналарға да балалардың бос уақытын бақылауда ұстау, олардың қайда жүргеніне назар аудару, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отыру және заң талаптарының сақталуына жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер берілді.
“Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен отбасының, кейін қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әрбір ата-ана мен тұрғын жас ұрпақтың амандығына бейжай қарамай, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлгені маңызды. Өйткені бүгінгі жасөспірім – ертеңгі елдің болашағы. Ал олардың қауіпсіздігі мен амандығы – баршамыз үшін ең басты құндылық”, — дейді жауапты мамандар.
Естеріңізде болса, маусымның 14-інде Сауран ауданы әкімдігі, аудандық прокуратура және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бірлесе ұйымдастыруымен Оранғай ауылдық округі аумағындағы “Байылдыр-Қарашық” өзені бойында орналасқан белгіленбеген суға түсу орындарында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген-ді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы кезеңде тұрғындардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қайғылы оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Шараға Сауран ауданы прокурорының орынбасары Е.Ахметов, Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Қ.Алиханов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Қуанышбаев, аудан әкімдігінің төтенше жағдайларға жауапты бас инспекторы Ж.Ален, Оранғай ауылдық округінің әкімі Б.Қуандық, ішкі саясат бөлімі, сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамы, учаскелік полиция инспекторлары мен ерікті жастар қатысты.
Үгіт-насихат жұмыстары барысында “Байылдыр-Қарашық” өзенінің жағалауында демалып жүрген тұрғындармен және балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, белгіленбеген және жабдықталмаған су айдындарында шомылудың қауіптілігі туралы және тазалықты сақтау жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Азаматтарға суға түсу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, мас күйде суға түспеу және тек арнайы рұқсат етілген орындарда ғана шомылу қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері жазылған арнайы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылып, төтенше жағдай туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі жөнінде кеңестер берілді.
Ұйымдастырушылар жаз мезгілінде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, тұрғындарды өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Осындай іс-шаралар аудан көлемінде алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынына назар аудара келе, Сауран ауданы әкімдігі азаматтарды су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және балалардың өмірі мен денсаулығына ерекше көңіл бөлуге шақырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы «Балалардың қауіпсіздігіне қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалмауы керек» деп, мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмысты күшейтіп, қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Өйткені қауіпсіздік – тек төтенше жағдайлар қызметінің немесе полицияның ғана емес, ата-ананың, мектептің, жергілікті атқарушы органдардың және тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Соңғы жылдары елімізде балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе жазғы демалыс кезінде судағы қауіпсіздік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылыққа тартылуына жол бермеу мәселелері Үкімет пен құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Себебі ресми деректер көрсеткендей, балалардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың басым бөлігі дәл жаз мезгілінде, ересектердің бақылауы әлсіреген уақытта тіркеледі. Сондықтан түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық рейдтер қауіптің салдарымен күресуден әлдеқайда тиімді екені тәжірибеде дәлелденіп отыр.
Мемлекет басшысы жариялаған «Заң және Тәртіп» қағидаты да дәл осындай алдын алу мәдениетін қалыптастыруға негізделген. Заңды құрметтеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті күшейту – қоғамдағы құқықтық тәртіптің басты көрсеткіші. Бұл қағидат балаларға да, ата-аналарға да ортақ талап қояды: қауіпсіздік ережелерін сақтау кездейсоқ ұсыныс емес, әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Сауран ауданында ұйымдастырылып жатқан рейдтік-профилактикалық іс-шаралар осы мемлекеттік саясаттың өңірдегі нақты жалғасы деуге болады. Мұндай жұмыстар бір реттік акция ретінде емес, үздіксіз жүргізілгенде ғана өз нәтижесін береді. Өйткені әрбір түсіндірілген қауіпсіздік ережесі, әрбір таратылған жадынама немесе өткізілген профилактикалық кездесу бір баланың өмірін сақтап қалуы әбден мүмкін.
Баланың амандығы – отбасының бақыты ғана емес, мемлекеттің болашағы. Сондықтан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды жазғы маусыммен шектемей, оны қоғамның тұрақты құндылығына айналдыру қажет. Сонда ғана жауапты ата-ана, құқықтық сауаты жоғары жас ұрпақ және қауіпсіз орта қалыптасып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Әділетті, қауіпсіз әрі жауапты Қазақстанды құру жолындағы маңызды міндеттердің бірі толық жүзеге асады.
Тағы бір қоса кетерлігі, Сауран ауданы аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында алкогольдік ішімдіктерді сататын дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарында түсіндіру және рейдтік жұмыстары да жүргізілді. Іс-шара барысында кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмаған азаматтарға алкоголь өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен қатар, дүкен иелері мен сатушыларға жауапкершілік шаралары түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылды.
“Жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына немқұрайлы қарамай, олардың зиянды әдеттерден аулақ болуына жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Жастардың жарқын болашағы үшін бірлесе жұмыс істейік!”, — дейді сала жауаптылары.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
