![]()
Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаевтың төрағалығымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында діни экстремизмнің алдын алу, қоғамда тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстар талқыланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұдан бөлек бүгін Сауран ауданында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында жасөспірім қыздардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нышанкүл Жұманова, Аналар кеңесінің мүшелері, аудандық полиция инспекторлары, Отбасын қолдау орталығының психологі, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және жасөспірім қыздар қатысты.
Кездесу барысында ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нышанкүл Жұманова жастарға арнаған сөзінде: «Нашақорлық – адамның денсаулығына ғана емес, оның болашағына, отбасы мен қоғамға үлкен зиян келтіретін қауіпті індет. Әр жас өз өміріне жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, білімге, еңбекке және салауатты өмір салтына ұмтылуы қажет», – деді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен психолог мамандар есірткінің адам өміріне тигізетін зардаптары, заң алдындағы жауапкершілік және зиянды әдеттердің алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Жастарға темекі, алкоголь, есірткі және басқа да зиянды заттардан мүлде аулақ болудың маңыздылығы айтылды.
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар, қоғамдағы келеңсіз әрекеттерге бейжай қарамай, салауатты әрі саналы өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылды.
Тақырыпқа орай тағы бір атап өтерлік жайт, баланың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы мақсатта Сауран ауданының Ескі Иқан ауылдық округінде «Жасөспірім және жауапкершілік» тақырыбында кезекті түнгі рейд ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың және басқа да келеңсіз жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта заң талаптарын сақтауына бақылау жасау.
Рейд барысында сағат 20:00–22:00 аралығында ауыл аумағындағы дүкендер мен кәсіпкерлік нысандары араланып, кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінсіз мекемеге кіргізбеу, сондай-ақ оларға темекі өнімдері мен алкогольдік ішімдіктерді сатуға заңмен тыйым салынғаны түсіндірілді.
“Жастардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне бейжай қарамай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Балаңыздың қайда жүргеніне немқұрайлы қарамаңыз. Олардың қауіпсіздігіне көңіл бөліп, түнгі уақытта көшеде себепсіз жүруіне жол бермеңіз. Себебі саналы тәрбие мен жауапкершілік – жарқын болашақтың берік негізі”, — дейді жауаптылар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік, қоғамдық тұрақтылық және жастардың денсаулығын қорғау мәселелерін мемлекеттің басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент құқық бұзушылықтың, діни радикализм мен есірткі қылмысының алдын алу жазалаудан бұрын профилактикаға негізделуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Соңғы жылдары елімізде синтетикалық есірткі айналымына қарсы заңнамалар күшейтіліп, құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында республика бойынша жүздеген есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан бірнеше тонна түрлі есірткі тәркіленді. Сонымен қатар интернет арқылы таралатын есірткі жарнамасы мен діни радикалды идеологияның жолын кесу бағытындағы жұмыстар да күшейтілуде. Осындай жағдайда Сауран ауданында діни экстремизмнің алдын алу, жастар арасында нашақорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқықтық тәрбиені нығайту және түнгі профилактикалық рейдтерді тұрақты ұйымдастыру – қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Себебі елдің ертеңі – саналы, заңға құрметпен қарайтын әрі жат идеология мен зиянды әдеттерден ада өскелең ұрпақтың қолында.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
