![]()
Сауран ауданында «Инвест керуен» жобасы аясында аудан кәсіпкерлерімен жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев пен аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер және инвесторлар қатысты.
Кеңестің негізгі мақсаты – аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысын талқылау, инвесторлардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызмет барысында туындайтын мәселелерді қарау және оларды шешу жолдарын айқындау болды.
Жиында Сауран ауданының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров аудан көлемінде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Баяндама барысында ауылдық округтердегі өндіріс алаңдарының жұмысы, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейі жан-жақты таныстырылды.
Кеңес барысында аудан прокуроры Алмаз Асылбеков кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде заң талаптарының сақталуы және мемлекеттік органдардың өзара тиімді іс-қимылы жөнінде өз пікірін білдірді.
Жиын қорытындысында қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жобаларды уақытылы іске асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі екенін үнемі айтып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес бүгінде өңірлерде инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Соның нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі өсім көрсетіп, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені мен инфрақұрылым салаларына салынған капитал көлемі арта түсті. Бұл ретте өңірлердің үлесі ерекше. Сауран ауданында ұйымдастырылған «Инвест керуен» жобасы аясындағы мұндай жұмыс кеңестері инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындарының ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және ауданның инвестициялық тартымдылығының артуына берік негіз қалануда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
