
Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округінде мал ұрлығының алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және төрт түлікті қараусыз жаюдың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен аудан әкімі аппаратының заң бөлімі, аудандық ветеринариялық қызмет мекемесінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары және Шорнақ ауылдық округі әкімдігі аппаратының мамандары қатысты.
Кездесу барысында тұрғындарға мал ұрлығының алдын алуда әрбір мал иесінің жауапкершілігі ерекше маңызға ие екені түсіндірілді. Мамандар төрт түлікті қараусыз жайылымға жібермеу, малды міндетті түрде сырғалап немесе таңбалап тіркеу, бақташы арқылы жаю және қора-жайлардың қауіпсіздігін күшейту қажеттігі жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар, қараусыз жайылған малдың жол-көлік оқиғаларына себеп болуы, егістік алқаптарына залал келтіруі және басқа да құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін екені айтылды. Осыған байланысты тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, малды қараусыз қалдырған азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.
Іс-шара аясында тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, мал ұрлығының алдын алу бойынша сақтық шараларын ұдайы сақтау, сондай-ақ күмәнді жағдайлар анықталған кезде құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
