Сауран ауданында шағын ауладан басталған гүл өсіру кәсібі 50 миллион теңгелік жобаға айналды

Loading

Сауран ауданында шағын кәсіпкерлікті дамытып, өндіріс көлемін арттыру арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашып отырған кәсіп иелері аз емес. Соның бірі – гүл өсіру және гүл өнімдерін өндірумен айналысатын «Омаров Хусан» кәсіпкерлік нысаны. Осыдан он жыл бұрын шағын үй ауласынан басталған кәсіп бүгінде жалпы құны 50 миллион теңгені құрайтын жылыжай жобасына ұласқан.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлік нысанға арнайы барып, оның жұмысымен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Кәсіп иесі Дильназ Омарова гүл өсіру ісін алғашында шағын көлемде қолға алған. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, кәсібін біртіндеп кеңейтіп, өндіріс ауқымын ұлғайтуға ден қойған.

Қазіргі таңда жылыжайда гүлдің сан алуан түрі өсіріледі. Өндірісте пайдаланылатын тұқымдар Қытай Халық Республикасы мен Нидерландтан жеткізіледі. Арнайы жабдықталған жылыжайда өсірілген гүлдер өңірді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына бағытталып отыр.

Бүгінде кәсіпорын Түркістан облысындағы жасыл аймақтарды абаттандыру бойынша келісімшарт негізінде жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, жылыжайда өндірілген гүлдер Түркістан қаласының аумағын көгалдандыруға пайдаланылуда. Бұл жергілікті кәсіпкерліктің өңірлік абаттандыру жұмыстарына қосып отырған үлесін көрсетеді.

Жобаның жалпы құны – 50 миллион теңге. Кәсіпорынның иелігіндегі жер телімінің көлемі 1,5 гектар болса, соның 0,3 гектарын жылыжай алып жатыр. Қазіргі уақытта мұнда 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта өндірісті кеңейту есебінен жұмысшылар санын 22 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Кәсіптің даму барысымен танысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров отандық өндірісті өркендету, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, әсіресе, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдап, өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Он жыл бұрын шағын ауладан басталған бұл кәсіп бүгінде өңірдің көгалдандыру саласына қызмет көрсететін өндіріс орнына айналып отыр. Мұндай бастамалар ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You