Сауран ауданында суға түсу маусымына байланысты өзен-көлдер мен су айдындарында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды

Loading

Сауран ауданында суға түсу маусымына байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шаға, Оранғай және Ескі Иқан ауылдық округтерінің аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындарында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Рейд барысында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері және жауапты мекеме өкілдері тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде жадынамалар таратты. Азаматтарға тек арнайы белгіленген және рұқсат етілген орындарда ғана суға шомылу қажеттігі түсіндірілді. Іс-шара барысында тыйым салынған орындарда суға шомылып жүрген азаматтар анықталып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Жауапты мекемелер тұрғындарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады. Су айдындарында демалу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу қажет.

“Профилактикалық рейдтер аудан аумағында суға түсу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасатын болады”, — деген жауаптылар суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін де еске салып отыр. Сонымен, жазғы демалыс кезінде су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды.

Тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылыңыз;

Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыз;

Белгіленбеген және терең жерлерге түспеңіз;

Мас күйде суға шомылмаңыз;

Жалғыз шомылудан аулақ болыңыз;

Қауіпсіздік құралдарын пайдаланыңыз;

Ауа райы мен су жағдайын ескеріңіз.

“Су – тіршілік көзі. Алайда қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамыз”, — дейді мамандар.

Естеріңізде болса, түнеугүні Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның 30 жылдығы ауылындағы С.Шакиров көшесінде суға түсу маусымының басталуына байланысты тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Іс-шара барысында тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмау, рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу, сондай-ақ арықтар мен су арналарының маңында сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Түсіндіру жұмыстарының мақсаты – жаз мезгілінде орын алуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Су айдындары маңындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі екені ескертілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Осы бағытта елімізде профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, суға түсу маусымы кезінде тұрғындар көп жиналатын орындарда тұрақты рейдтер ұйымдастырылуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы шомылу маусымы басталғалы республика бойынша мыңдаған профилактикалық рейд өткізіліп, жүздеген мың тұрғынға қауіпсіздік талаптары түсіндірілген. Соған қарамастан, қауіпсіздік ережелерін елемеу салдарынан жаз мезгілінде қайғылы оқиғалар әлі де тіркелуде. Сондықтан Сауран ауданында су айдындарында жүргізіліп жатқан тұрақты рейдтер, түсіндіру шаралары мен заң талаптарын қатаң бақылау – адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Өйткені кез келген қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы – әр азаматтың қарапайым қауіпсіздік қағидаларын бұлжытпай орындауы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You