Шауғар тұрғындары көтерген мәселелер — Түркістан қаласы әкімінің назарында

Loading

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Шауғар секторы тұрғындарымен еркін форматта кездесті. Кездесуде атқарылған жұмыстар, инфрақұрылым жобалары мен алдағы жоспарлар таныстырылып, тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды.

Өткен кездесуде көтерілген 17 мәселенің 7-уі шешіліп, 9-ына түсіндірме берілген, 1-еуі — орындалу үстінде. Сектор аумағында 49 863 тұрғын, 9 378 үй, 177 көше және әлеуметтік нысандар бар.

Ауыз су бойынша 14 көшенің желісі «Түркістан-Су» теңгеріміне берілді. Қосымша 5 көшеге су тарту жобасы әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.

Электрмен қамтуға арналған 1,6 миллиард теңгелік жоба ұсынылып, 3,7 шақырым желі жүргізілді. Газдандыру бойынша 243 абонентті қамтитын жобаға оң қорытынды алынған.

Абаттандыру аясында аулалар реттеліп, спорт және ойын алаңдары салынды. Қазіргі таңда жаңа алаң құрылысы жалғасуда.

Кәріз жүйесі бойынша 7 нысан салынып жатыр. Шауғардағы жоба 8 625 абонентті қамтиды, кей көшелерде жұмыстар 2027 жылға жоспарланған.

Жолдардың 34,4 пайызы асфальтталған. Биыл 78 көшеге асфальт төселіп, көрсеткіш 60 пайызға жетеді. Абылай хан көшесінде жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр.

Кездесу соңында қала әкімі тұрғындар көтерген барлық мәселе мен ұсыныстың бақылауға алынып, олардың кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Шауғар секторындағы кездесу көрсеткендей, Түркістан тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелер – инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі, сапалы жол, қауіпсіз орта мен жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің тұрақты дамуы ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын нақты жобалар арқылы бағаланатынын үнемі айтып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, секторлардағы ашық кездесулер тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей тыңдап қана қоймай, олардың орындалу барысын саралап, нақты нәтижеге негізделген жұмысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әсіресе өткен кездесуде көтерілген мәселелердің басым бөлігі бойынша шешім қабылданып, қалғандарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны жергілікті билік пен халық арасындағы кері байланыстың күшейгенін аңғартады. Бұл тәжірибе Түркістанның ерекше мәртебесіне сай басқарудың ашықтығын арттырып, қаланың тұрақты әрі теңгерімді дамуына негіз болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You