
Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен 2025 жылы 6 тамызда «Заң мен Тәртіп» және «Жұмысшы мамандықтары жылы» қағидаты аясында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен қалалық прокуратураның бірлескен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен жылжымалы азаматтарды қабылдау акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында салалық басқармалар, аудан әкімдігі, полиция және прокуратура өкілдері қала тұрғындарына көшпелі қабылдау өткізді.
Жәрмеңкеге қаладағы ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерден 20-дан астам жұмыс беруші мен Еңбек мобильділігі орталығының мамандары қатысып, «Enbek.kz» порталындағы 800-ге жуық тұрақты және 2000-ға жуық субсидияланатын бос жұмыс орындары ұсынылды. Акция барысында 150-ден астам тұрғын өз өтініштерін білдіріп, оның ішінде 64-і — тұрақты жұмысқа, 23-і — субсидияланған жұмыс орындарына, 8-і кәсіптік оқытуға жолданып, 28 тұлға жұмыс іздеуші ретінде тіркелді.
Арнайы кеңес беру бұрышында «Мансап» орталығының мамандары жұмыспен қамту шаралары — кәсіптік оқыту мен қайтарымсыз гранттар, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару, мемлекеттік бағдарламалар арқылы уақытша жұмысқа орналастыру және «Enbek.kz» порталының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Жәрмеңке аясында жұмысқа жолдама алған тұрғындардың бірі — Бақтияр Сейдуллаев. Ұзақ уақыттан бері жұмыс іздеп жүрген ол осы іс-шара барысында көңілінен шыққан жұмыс орнын тапқанын айтып, ризашылығын білдірді.
«Жәрмеңке туралы әлеуметтік желідегі хабарлама арқылы біліп келдім. Қазір “ЮГ Plastik.kz” ЖШС-не жұмысқа жолдама алдым. Осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», — дейді ол.
Сондай-ақ «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында да заңгерлік қызметке жолдама алған жас маманның әкесі Ақылбек Ақанбаев ұлының жұмысқа орналасқанына өз қуанышы білдірді.
«Ұлым биыл жоғары оқу орнын аяқтап, дипломын алды. Бүгінгі жәрмеңке арқылы заңгерлік қызметке жолдама алды», — дейді ол.
Жәрмеңкеге жалпы 100-ден астам азамат келіп, кеңес алды. Нәтижесінде 40-тан астам адам тұрақты жұмысқа, 21 азамат субсидияланған жұмыс орындарына, оның ішінде «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары арқылы, ал 8 адам кәсіптік оқытуға жолданды.
Бұдан бөлек жылжымалы қабылдауға да 200-ге жуық қала тұрғыны қабылдауға келіп, олардың басым бөлігіне сол жерде құқықтық кеңес берілді, кейбір мәселелер жедел шешімін тапты. Аталған іс-шара қоғаммен тиімді кері байланысты қамтамасыз етіп, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және мемлекеттік органдардың ашықтығын нығайтуға бағытталды. Осындай іс-шаралар айына 2 рет өткізілетін болады. Қала прокуратурасы тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады деп сенеміз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
