
Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған бірлескен заңгерлік форум өтті. Іс-шараға Конституциялық Соттың судьялары, ҚР Бас прокуратурасының өкілдері және заңгерлік қауымдастықтың басқа да өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Шымкентке іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова да форум жұмысына белсенді қатысып, пікірлерін білдірді.
Жиынды университет ректоры Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Зәки ашып, Конституцияның қоғамдағы рөлі мен құқықтық сана қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Келесі сөз кезегі ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Құдиярұлына берілді. Ол өз баяндамасында Конституцияның ел дамуына қосқан үлесі мен құқықтық жүйенің негізі ретінде атқаратын рөлін жан-жақты талдады. Депутат Конституция үстемдігі мен құқықтық мемлекетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, нақты мысалдар келтірді. «Біз Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – тарихи маңызы зор дата ғана емес, сонымен қатар ел дамуының жаңа кезеңдерін саралап, құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы жетістіктерімізді бағалайтын маңызды сәт. Конституция – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаушы негізгі құжат. Оның үстемдігін қамтамасыз ету – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің ортақ жауапкершілігі. Осы орайда, Парламент депутаттары ретінде біз құқықтық реформаларды сапалы іске асыруға және заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуге күш жұмсап келеміз», – деді Нұрлан Құдиярұлы.
Жиын соңында қатысушылар арасында пікір алмасу, сұрақ-жауап және өзекті мәселелерді талқылау сессиясы ұйымдастырылды.
Еске салайық, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен саясаткерлердің қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
Мемлекет басшысы: «Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік», – деген болатын.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
