Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтерген 200 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Шымкент қаласында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген 200-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Оның 15-і – ет бағасын өсіргендер. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.

Басқарма мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылау мақсатында жүздеген сауда нүктесіне мониторинг жүргізілген. Айта кетейік, сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі, сүйекті) бағасы бақылауға алынған 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің тізіміне кіреді.

— Бүгінде Шымкент қаласында 60-қа жуық әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек, апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Онда да сүйекті сиыр еті тұрақты бағамен – килограмы 3200-3300 теңге аралығында сатылады. Ет өнімдері Түркістан облысындағы мал шаруашылығы фермаларынан тікелей жеткізіледі, — дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев.

Ол сонымен қатар, сиыр етінің таза еті (мякоть) баға реттеу тізіміне кірмейтінін атап өтті.

Басқарма басшысының айтуынша, «Каскасу-С» және «Бәйтерек» шаруа қожалықтарымен жасалған келісімшарттар аясында еттің өткізу бағасы – килограмына 2 620 теңге.

Сондай-ақ, «айналым схемасы» тетігі шеңберінде «Magnum» және «Грамад» сауда желілерімен келісімдер жасалған. Бұл сүйекті сиыр етін (жауырын-кеуде бөлігі) 2 590 теңге көлеміндегі тұрақты бағамен сатуға мүмкіндік беріп отыр.

Басқарма өкілдері базарда килограммы 3800-4000 теңгеге дейін жететін коммерциялық еттің де бар екенін айтты. Алайда кейбір сауда орындарында баға тұрақты сақталған.

Жекеменшік сауда нүктелеріндегі бағаның өсуін мамандар маусымдық сұраныс, мал азығы бағасының қымбаттауы және экспорт көлемінің артуымен байланыстырады. Соған қарамастан, қалада етке деген тапшылық пен ажиотаж байқалмайды, – деді басқарма басшысы.

Әкімдік қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақыланатын және реттелетін сауда орындарын таңдап, соларға жүгінуге шақырады.

Естеріңізде болса, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі етті құжатсыз сататын кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған болатын. Бұл бастама ет өнімдерінің заңсыз айналымын азайту және санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көтерілген.

Жалпы, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне келесі өнімдер кіреді:

  • Сиыр еті (сүйекті)
  • Күнбағыс майы
  • Қант
  • Ұн
  • Картоп, сәбіз, пияз
  • Нан түрлері
  • Жұмыртқа
  • Күріш т.б.

Олардың бағасы — жергілікті әкімдіктер мен Сауда және интеграция министрлігінің бақылауында. Егер кәсіпкерлер бағаны негізсіз көтерсе, әкімшілік жаза қолданылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You