
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алаяқтарға алданып қалғандарын айтып, көмек сұрады. Мәселен, М. Парманов жекеменшік жерін сату кезінде алаяқтардың арбауына түсіп, мүлкінен айырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, жер учаскесі өзге адамның атына өтіп, кейін үшінші тұлғаға сатылып кеткен.
Мәселені мұқият тыңдаған Нұрлан Алмасбеков істі қайта қозғап, тергеу жүргізілетінін айтты. «Бұл мәселе бойынша нақты тапсырма беремін. Қайта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталады», – деді ол.
Сондай-ақ, алаяқтарға алданған өзге тұрғындарға да заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны түсіндірілді.
Кейбір азаматтар полицейлердің жұмысына қатысты шағымдарын жеткізді. Бұл мәселелер бойынша шағымданушылар полиция департаментіне шақырылып, қосымша зерделеу жұмыстары жүргізілмек.
Жалпы, қабылдауға келген барлық азаматтар тыңдалып, заң аясында жауап берілді. Бірқатар мәселелер сол сәтте шешімін тапса, кейбірі арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.
Әрине, көмек демекші, полицейлерге шағымданатындардан бөлек ризашылығын білдіретіндер де жоқ емес. Мәселен, Шымкентте канадалық туристер полицейлерге алғыс білдірді. Полицейге валютасын айырбастамақ болған Канада азаматтары жүгінген. Полицейлер оларға барлық қажетті ақпаратты түсіндіріп, арнайы пунктке дейін апарып, еш қиындықсыз айырбастауға жағдай жасады. Одан кейін туристер әрі қарай бағыттары Ташкент екенін жеткізді. Туристік полиция инспекторы қонақтарды такси тұрағына дейін өзі жеткізіп салды. Шетелдік азаматтар полиция қызметкерлерінің ілтипаты мен кәсібилігін атап өтіп, мұндай қолдау Қазақстандағы сапарды тек қауіпсіз ғана емес, сонымен қатар шынайы жылы әрі қонақжай ететінін айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
