
Шымкент қаласы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ағымдағы жылдың 27 тамыз және 10 қыркүйек аралығында республикалық «Бақытты отбасы — бақытты ел» акциясын өткізуді бастады.
Іс-шараның негізгі мақсаты отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу һәм жұртшылықтың, атқарушы және заң шығарушы биліктің назарын зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бойынша қызмет көрсету һәм зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек көрсету, сенім телефондары мен дағдарыс орталықтары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттандыру, сондай-ақ, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құқық бұзушылықтың алдыналу болып табылады. Әйелдердің құқықтарын қорғау мен отбасылық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында екенін де атап өткен абзал.
Сонымен қатар бүгін Еңбекші ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында аудан тұрғындарымен кезекті ашық кездесу «Қаратөбе мадениет үйі» ғимаратында өтті. Тұрғындар кездесуде әлеуметтік нысандардың жай-күйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, жол жөндеу, қоғамдық көлік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Азаматтардың талап-тілектері мұқият тыңдалып, жауапты органдардың құзыретіне қарай қарастырылатыны атап өтілді.
Қала прокуратурасының ұйымдастыруымен осыған ұқсас қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта да кестеге сәйкес тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұдан бөлек бүгін Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі командирінің қызмет жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Тоқтарбек Аширбаев жаяу бағытқа түсетін қызметкерлерге нұсқаулық өткізді. Ол өз сөзінде ең алдымен заң мен тәртіп қағидаларын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының талаптарын түсіндіріп, қызмет барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің сыртқы келбетіне, формадағы жинақылық пен мәдениеттілікке де назар аударылатыны айтылды. Себебі, әрбір қызметкердің бейнесі – ол тұтас полицияның абыройы мен беделін айқындайды.
Мұндай нұсқаулықтар полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, ал ең бастысы – қала тұрғындарының сенімін нығайтуға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
