![]()
Шымкент қаласында уақ малды тоғыту және ірі қара малға дәрі бүрку жұмыстарының көктемгі кезеңі жалғасып жатыр. Жоспарлы тоғыту шаралары ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Негізгі мақсат уақ малды кене, бүрге, бит секілді зиянды сыртқы паразиттерден қорғау болып табылады. Бұл жұмыстар төрт түліктің саулығын сақтауға және малдан адамға жұғатын аурулардың алдын алуға бағытталған.
Малды тоғыту барысында арнайы залалсыздандыру ерітінділері қолданылып, үй жануарлары толық өңдеуден өткізіледі. Осыған байланысты төрт түлік иелеріне ветеринариялық мамандардың нұсқауларын қатаң сақтау ұсынылады. Қосымша ақпарат алу немесе залалсыздандыру жұмыстарына өтініш беру үшін тұрғындар 77-89-29, 77-89-39 немесе 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуына болады.
Естеріңізде болса, Шымкент қаласы аумағында уақ малдарды тоғыту жұмыстары мамыр айының басынан жүргізіле бастаған-ды. Ауыл шаруашылығы саласындағы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, уақ малдарды зиянды сыртқы паразиттерден (кене, бүрге, бит) қорғау мақсатында жоспарлы түрде тоғыту шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар малдың денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін аса маңызды.
Осы орайда жауапты мамандардың: “Шымкент қаласының аумағында жануарларды асырау қағидаларына сәйкес жануар иелері жануарларды міндетті түрде тіркеуге, есепке қоюға және ветеринариялық паспорт рәсімдеуге міндетті. Ауыл шаруашылығы жануарларын тұрғын үй қорының пәтерлерінде ұстауға жол берілмейді. Жануарларды ауладан тыс жерде қараусыз қалдыруға, аулалар мен қоршаған аумақтарды қимен ластауға болмайды. Жануарларды ұстау орындарында дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс. Жануарларды вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу және диагностикалық зерттеуден өткізу міндетті болып табылады. Жануар ауырған, қырылған немесе әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайда ветеринариялық қызметке дереу хабарлау қажет. Ауыл шаруашылығы жануарларын сатуға, әкелуге және әкетуге тек ветеринариялық анықтама болған кезде ғана рұқсат етіледі”, — деген құлаққағысын да қала тұрғындарының назарына сала кеткен жөн. Өйткені қағидаларды сақтау — тұрғындардың қауіпсіздігі мен санитариялық тазалықты қамтамасыз етудің маңызды талабы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
