Шымкент қаласында жаңа «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Білім күні Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте «Жас сақшы» мамандандырылған сыныптың салтанатты ашылуы өтті. Жаңа кадет сыныбы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Нұржан Алтынбековтің есімімен аталды.

Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мәулен Ахметов қатысты.
Өз сөзінде полиция полковнигі мұндай сыныптардың бүгінгі жастар тәрбиесінде үлкен рөл атқаратынын атап өтті.

– «Жас сақшы» сыныптарының ашылуы – өскелең ұрпаққа тәртіп, жауапкершілік және ең жақсы адами қасиеттерді үйретудің маңызды бағыты. Жасөспірімдерге отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін ерте жастан бойына сіңіру қажет. Бүгінгі кадеттер ертең елдің заңын қорғайтын абыройлы азамат боларына сенемін, – деді Мәулен Ахметов.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте осындай үш «Жас сақшы» сыныбы ашылған болатын. Онда оқушылар полиция қызметімен танысып, әскери дайындық пен құқық негіздерін меңгеруде.

Кездесу барысында оқушылар ішкі істер органдарындағы қызмет туралы толығырақ ақпарат алды. Сондай-ақ, полицей жас сақшыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, білімді табандылықпен игеруге шақырды.

Орайы келгенде айта өтейік, сонымен қатар бүгін Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов №14 мектептің оқушыларымен кездесіп, тәрбие сағатын өткізді.

Кездесу барысында полиция полковнигі оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында сәттілік, қауіпсіздік және жемісті білім алуды тіледі. Сонымен қатар, мектепте де, күнделікті өмірде де тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды екенін еске салды.

Сабақ барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау, өзгелерге құрметпен қарау, сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік мәселелері сөз болды. Полицей жасөспірімдерге заң талаптарын бұзбау, әрдайым сақ әрі жауапты болу қажеттігін атап өтті.
Атап өтейік, осындай кездесулер жас буын мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттырып, оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруға оң әсер етері анық.

Мұнан өзге Білім күніне орай Еңбекші аудандық полиция басқармасының бастығы Жандос Бейсенов пен басқарма қызметкерлері де мектеп оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін, тұрмыстағы және интернеттегі қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндірді. Балаларға жолдан тек жаяу жүргінші өткелі арқылы өту, бағдаршам белгілеріне назар аудару, үйде бейтаныс адамдарға есік ашпау, интернетте жеке деректерді жарияламау және күмәнді аккаунттарға сенбеу сияқты маңызды қағидалар еске салынды.

Сонымен қатар буллингке жол бермеу, мұндай жағдай орын алған кезде міндетті түрде ересектерге немесе мұғалімдерге хабарлау қажеттігі атап өтілді.

Еңбекші аудандық полиция басқармасының бастығы Жандос Бейсенов оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тілей отырып, қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір баланың амандығы мен табысты оқуына негіз болатынын атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You