Шымкент қаласының әкімі қазақстандық дәрінің Еуропа нарығына шығуына орай алғашқы партияны жөнелту рәсіміне қатысты

Loading

Қазақстанда өндірілген дәрілік препарат алғаш рет Еуропалық одақ нарығына экспортталды. Отандық өнімнің алғашқы партиясы Болгария Республикасына жөнелтіліп, бұл қазақстандық фармацевтика саласы үшін жаңа экспорттық бағыттың басталуына жол ашты.

Еуропа нарығына жіберілген «SIGLETIC 100 мг №28» препаратының 7 841 қаптамасын Шымкенттегі «Химфарм» АҚ өндірді. Халықаралық Polpharma Group құрамына кіретін кәсіпорын өнімдерін SANTO сауда белгісімен шығарады. Құрамында ситаглиптин бар дәрілік препарат екінші типті қант диабетімен ауыратын ересек науқастардың қанындағы глюкоза деңгейін бақылау үшін қолданылады.

Өнімнің алғашқы партиясы Шымкенттен жөнелтілді. Салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері, серіктестер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстандық дәрінің Еуропалық одақ нарығына шығуы кәсіпорынның өндірісті халықаралық талаптарға бейімдеу бағытында жүргізген ауқымды жұмысының нәтижесі болды. Осы мақсатта өндірістік қуаттар жаңартылып, халықаралық сапа стандарттары енгізілді. 2025 жылы еуропалық реттеуші органдар жүргізген инспекция қорытындысы бойынша «Химфарм» АҚ Еуропалық одақтың GMP талаптарына сәйкестік сертификатын алды. Бұл кәсіпорындағы өндірістік процестердің еуропалық талаптарға сай екенін растады.

«Бүгін Шымкент қаласында Қазақстанның фармацевтика саласы үшін маңызды оқиға орын алды. Отандық дәрі алғаш рет Еуропалық одақ нарығына шықты. Бұл қазақстандық өндірістің халықаралық талаптарға сәйкестігін көрсетіп, экспорттық мүмкіндіктерге жаңа жол ашады», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

«Химфарм» кәсіпорнының тарихы 1882 жылдан басталады. 2011 жылдан бері кәсіпорын Polpharma Group құрамында жұмыс істейді. Бүгінде зауытта 967 адам еңбек етеді. Қолданыстағы өндіріс орнына салынған инвестиция көлемі 130 млн АҚШ долларын құрайды.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1 миллиард данаға дейін қатты дәрілік қалыптағы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта таблеткалармен қатар инъекциялық және инфузиялық ерітінділер, ұнтақ түріндегі антибиотиктер және сұйық дәрілік заттар өндіріледі.

Компания өндіріс көлемін одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аумағы 17 гектар учаскеде құны 39,5 миллиард теңгені құрайтын жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026–2036 жылдар. Жоба толық іске қосылғаннан кейін таблетка өндірісінің көлемі жылына 2 миллиард данаға дейін артып, кәсіпорында 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазақстандық дәрілік препараттың Еуропалық одақ нарығына алғаш рет жеткізілуі отандық фармацевтика өндірісінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Шымкент үшін бұл жоғары қосылған құны бар өндірісті дамыту мен жергілікті кәсіпорындардың халықаралық нарықтарға шығуын арттыру бағытындағы жұмыстардың жаңа кезеңін білдіреді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You