Шымкент қаласының әкімі Венгриямен өңіраралық байланысты дамыту жолдарын қарастырды

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Алматыдағы Венгрияның Бас консулы Саболч Карой Сёке бастаған делегациямен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас достық пен өзара құрметке негізделген. Бүгінде екі елдің байланысы сауда-экономика, инвестиция, туризм, мәдениет және білім беру салаларында дамып келеді. Осы ретте өңіраралық әріптестікті нығайту мен іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің маңызы зор.

Кездесу барысында қала әкімі Шымкенттің экономикалық және инвестициялық әлеуетіне тоқталды. Мегаполистің көлік және сауда бағыттары тоғысқан қолайлы географиялық орналасуы халықаралық әріптестікті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Тараптар Қазақстан-Венгрия бизнес-форумының нәтижелері мен маңызын да сөз етті. Форум аясында екі елдің кәсіпкерлері арасында B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, инвестициялық жобалар, құрал-жабдықтар мен өнімдерді жеткізу, технологиялық әріптестік және бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері қарастырылды. Мұндай алаңдар бизнес өкілдерінің тікелей байланыс орнатып, өзара тиімді бастамаларды пысықтауына жол ашады.

Өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды бағыттарының бірі ретінде Шымкент пен Венгрияның Дебрецен қаласы арасында бауырластық қатынас орнату мүмкіндігі қаралды. Бұл бастама екі қаланың экономикалық, іскерлік және гуманитарлық байланыстарын дамытуға негіз бола алады.

Екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда әуе қатынасының да орны ерекше. 2025 жылғы мамырда ашылған Шымкент–Будапешт тікелей рейсі аптасына екі рет орындалады. Бұл бағыттың іске қосылуы туристік ағынды арттыруға, іскерлік сапарларды жандандыруға және мәдени алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесіне де назар аударылды. Осы бағытта 2025 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Шымкент қаласындағы Венгрияның Құрметті консулдығының қызметі маңызды рөл атқарады.

Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков Венгрияның Бас консулына және делегация мүшелеріне Шымкентке қызығушылық танытып, арнайы келгені үшін алғыс білдірді. Тараптар өзара байланыстарды нақты жобалармен толықтыру екі ел арасындағы әріптестікті нығайтып, жаңа экономикалық және гуманитарлық бастамаларға жол ашатынын атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You