![]()
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс аралауы барысында қаладағы жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау нысандарындағы жұмыстардың барысымен танысты. Аралау кезінде құрылыс сапасы, нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Алдымен қала әкімі Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайрық құрылысының барысын тексерді. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жаңа жолайрық пайдалануға берілгеннен кейін осы аумақтағы көлік қозғалысы жеңілдеп, кептеліс азаяды және көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік туады.
Бұдан кейін қалалық диагностикалық орталық ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесі қаралды. Қазіргі таңда нысан толық дайын, заманауи диагностикалық қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Орталықты жақын арада пайдалануға беру көзделіп отыр. Осыған байланысты қала әкімі құрылыс басқармасына анықталған ескертулерді жойып, нысанды іске қосуға қажетті дайындық жұмыстарын жедел аяқтауды тапсырды.
Аралау барысында Әл-Фараби және Тұран аудандарындағы Қонаев даңғылы жалғасының V кезеңі мен А-2 айналма жолын қайта жаңғыртудың V кезеңі де назарға алынды. Аталған жол учаскелерінің іске қосылуы қаланың негізгі магистральдарына түсетін көлік жүктемесін азайтып, жол қатынасын жақсартуға ықпал етеді. Ғабит Сыздықбеков мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын жеделдетіп, бекітілген жұмыс кестесінен ауытқуға жол бермеуді міндеттеді.
Сонымен қатар қала әкімі №10 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, мұндағы қызмет көрсету жағдайымен танысты. Орталықта I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ тұрақты күтімді қажет ететін қарттарға әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетіледі.
Қазіргі уақытта мекемеде 70 адам қызмет алады. Олардың 13-і – мүгедектігі бар азаматтар. Кездесу барысында қала әкімі әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдірудің, күтім сапасын арттырудың және медициналық сүйемелдеуді күшейтудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ қызмет алушылардың қажеттіліктеріне сай қолайлы жағдай қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін жеткізді.
Қаладағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралау олардың сапалы әрі уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
