
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен алты медициналық мекемеде полиция бекеттері жұмыс істей бастады. Олардың қатарында №1 клиникалық аурухана, №2 және №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Балалар ауруханасы бар.
Полиция бекеттерін ұйымдастыру оқиғаларға жедел жауап беруге және шиеленістердің алдын алуға, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларының көбеюіне байланысты қабылданды. Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма бергенін естеріңізге саламыз.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», «Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы» және «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырып, медициналық мекемелердегі тәртіпті сақтау мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментіне бақылауға алу туралы хат жолдады.
Орайы келгенде шымкенттік полицейлердің тыныс-тіршілігіне қатысты едел-жедел ақпаратпен де бөлісе кетсек. Шымкентте жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші жауапқа тартылды. Яғни жол қозғалысы қағидалары мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 20 жастағы автокөлік жүргізушісін полицейлер бейнебақылау камералары арқылы анықтады.
Ер адам көлік қозғалысы көп көшеде авариялық жағдай туғызып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген. Заңсыз қайта жабдықталған көлік құралынан қою түтін шығарып, жолды көру мүмкіндігін нашарлатып, қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірген.
Патрульдік полицейлер құқық бұзушыны тоқтатып, оған қатысты ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік хаттамалар толтырды. Ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережесін қатаң сақтау қажеттігі туралы еске салады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
