
Шымкентте кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау мәселелері талқыланды. «Qyzgaldaq saraiy» ғимаратында кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауда атқарылған жұмыстардың тиімділігіне қатысты алқа мәжіліс өтті.
Алқалы жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, мемлекеттік орган басшылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, компания басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен жиында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үшінші мегаполистегі бизнесті дамыту мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелері қаралып, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту тақырыбы қозғалды, жаңа Салық кодексінің нормалары түсіндірілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде. Шымкент — бизнес жүргізуге қолайлы аймақ, мұнда республикадағы 6 индустриялық аймақ пен 1 арнайы экономикалық аймақ орналасқан.
Кездесуде кәсіпкерлер мен инвесторлардың өзекті мәселелері қаралып, түлектерді жұмыспен қамту тақырыбы қозғалды.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді жұмысқа орналастыру жөнінде меморандумға қол қойылды.
Жаңа Салық кодексінің талаптарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінді. Инвесторлар индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда өндірілетін тауарларын таныстырды.
Кездесуде Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов бизнестің құқықтарын қорғау ісіне қосқан үлесі үшін Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова мен бөлім басшысы Әзілхан Жаримбетовты және бірқатар кәсіпкерді марапаттап, Алғыс хат табыстады.
Кездесу соңында: «Тұрақты бизнес ахуал сенімсіз мүмкін емес. Кәсіпкер өзін қорғалғанын сезініп, оның еңбегі қаламызға және қоғамға пайда әкелуіне талпынамыз. Біздің мақсатымыз — әр инвестициялық жобаның заңды, ашық және әділ дамуына жағдай жасау», — деп аяқтады өз ойын қала прокуроры Ғабит Мұқанов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
