
«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында, қала прокуратурасы құқық қорғау органдарының ардагерлерімен, бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, білім басқармасымен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында өмірлік және кәсіби тәжірибесі мол ардагерлердің студенттер және оқушылармен бірқатар кездесулерін өткізу жоспарланып отыр. Мұндай бастамалар жастардың заңға және адамгершілік қағидаттарына құрметпен қарауына негізделген құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ қауіпсіз әрі дамуға қолайлы білім беру ортасын құруға ықпал етеді.
Студент демекші, Шымкент қаласы Полиция департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та кетті. Мәселен, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Б.Өмірбеков пен ЖПҚБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Д. Бекболатұлы, ЖПҚБ КТІЖ инспекторы полиция майоры Т.Тагаев Шымкент қаласындағы Манап Өтебаев колледжінің студенттерімен балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ теріс қылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Негізгі бағыттары:
- Құқықтық түсіндіру жұмыстары
• Балалардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;
• Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы айту;
• Заңды бұзудың салдарына мысалдар келтіру.
Сонымен қатар мектеп оқушылары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, бүгін Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектебінде Шымкент қалалық полиция департаментінің Абай аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ернар Жанайұлы Алтаев пен ЖПҚБ орынбасары, полиция подполковнигі Бағдат Жәнібекұлы Жүсіпбектің қатысуымен жоғарғы сыныптың білім алушыларымен кездесу өткізілді. 380 оқушы қамтылған кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың, соның ішінде, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу (аутоагрессия ), әлімжеттік, зорлық-зомбылық (буллинг), нашақорлық қылмыстарының алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып оқушылардың заң алдындағы жауапкершіліктерін арттыру, сондай-ақ оқушыларға құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын сақтау маңыздылығы туралы кеңестер берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
