![]()
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды. Іс-шара сайлау күні өтіп, аудан тұрғындарына жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге ауданның егін және мал шаруашылығымен айналысатын еңбеккерлері қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Сауда сөрелерінен көкөніс, жеміс-жидек және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері орын алды. Тұрғындар күнделікті тұтынуға қажетті тауарларды делдалсыз, шаруалардың өзінен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай жәрмеңкелер, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін өз еңбегінің нәтижесін тікелей тұтынушыға ұсынуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл шаруалардың өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жергілікті өндірісті ынталандыруға да ықпал етеді.
Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды орын алады. Сондықтан жергілікті өнімнің нарыққа шығуына жағдай жасау, шаруалардың еңбегін қолдау және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы шаралардың маңызы зор.
Жәрмеңке барысында тұрғындар қажетті өнімдерін қолжетімді бағамен алып, жергілікті шаруалардың еңбегімен танысты. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін мұндай алаңдар өз өнімдерін таныстырып, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетігіне айналып отыр.
Осылайша, аудан орталығында өткен жәрмеңке тұрғындардың азық-түлікке деген сұранысын өтеумен қатар, жергілікті шаруалардың еңбегін дәріптеп, отандық әрі жергілікті өнімді қолдауға мүмкіндік берген әлеуметтік маңызы бар шара болды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
