Шымкент шаһарында 55 мыңнан астам азамат әкімшілік рақымшылыққа ілікті

Loading

Шымкентте әкімшілік рақымшылықты жүзеге асыру қорытындыланды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай қабылданған Рақымшылық туралы заң аясында 2026 жылғы 2 шілдеге дейін жеке тұлғалардың төленбеген әкімшілік айыппұлдары есептен шығарылды. Бұл жөнінде Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.

Шымкент қаласында рақымшылық 106,9 мың әкімшілік іс бойынша 55 мыңнан астам азаматқа қатысты қолданылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеден асатын әкімшілік айыппұлдардың күші жойылды. Бұл – азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілген бір реттік ізгілік шарасы.

Рақымшылықтың маңызды ерекшелігі – азаматтардан қосымша әрекет талап етілмегені. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы мен мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы қажетті рәсімдерді автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік берді. Осылайша заң талаптарына сәйкес келетін айыппұлдар азаматтардың қатысуынсыз есептен шығарылды. Тұрғындарға мемлекеттік органдарға бару, өтініш жазу немесе қосымша құжат жинау қажет болған жоқ.

Рақымшылық барлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Атап айтқанда, соттар қарайтын құқық бұзушылықтар және заңнамада тікелей көрсетілген өзге де санаттар оның аясынан тыс қалды. Сондықтан әрбір әкімшілік іс заңда белгіленген талаптар мен өлшемдерге сәйкес қаралды.

Рақымшылықты жүзеге асыруда прокуратура органдары мен мемлекеттік мекемелердің өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарды. Ақпараттық жүйелердің үйлесімді жұмысы мен цифрлық технологияларды пайдалану заң талаптарын қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге рақымшылықты құқық бұзушылық жасауға берілген мүмкіндік деп қабылдауға болмайды. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды.

Заң талаптарын сақтау – қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықтың басты негізі. Ал әкімшілік рақымшылық азаматтарға берілген жеңілдікпен қатар, құқықтық жауапкершіліктің маңызын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды шара болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You