
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды есірткіге қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту – қоғамға қайта бейімделудің тиімді тетіктерінің бірі. Бұл тәсіл олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қылмыстың және қайтадан есірткіге тәуелділіктің алдын алуға да ықпал етеді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының полиция департаменті мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бірлесіп, бұл бағытта ұйымдастырушылық шаралар қабылдап, жақында ғана жазасын өтеп шыққандар мен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тақырыптық шаралар Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №69 және №54 мекемелерде өткізілді. Кездесу ҚАЖ мекемелерінде ұсталып отырған сотталғандар арасында есірткі қылмыстарына теріс көзқарас қалыптастыру және қайталама қылмыстарға жол бермеуге бағытталды.
Ерікті ретінде тартуға арналған бірлескен іс-шаралар түрмеден босатылған тұлғалардың өзін қоғамға пайдалы сезінуіне мүмкіндік береді, жаңа ортада сенім мен жауапкершілік орнатып, қайта қылмыс жасау тәуекелін азайтады.
Жалпы, есірткі дегенде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі еріксіз еске оралады. Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда, аталған мақсатта Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Қаратау ауданындағы №130 мектепке барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесті.
Іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков және Есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі Бахадыр Бекарыс қатысты. Олар оқушылармен тәлім-тәрбиелік сұхбат жүргізіп, құқық бұзушылық және тәртіп бұзушылық жол бермей, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын дұрыс ұстануға және бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды.
Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік жасын түсіндіріп, оның ауыр зардаптарға алып келетінін, болашақта жақсы азамат болу үшін мектеп кезінен бастап үлгілі тәртіп және білімімен ерекшелену қажеттілігін жеткізді. Адамның өмірі мен денсаулығы, құқықтары мен бостандығынан асқан ешқандай қымбат дүниелердің жоқтығын атап өтіп, қауіпсіз қоғам құру еліміздің әрбір азаматының міндеті екеніне тоқталды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
