Шымкент шаһарында балалар полициямен бірге бір күнін өткізіп, тәртіп сақшыларының қызметімен танысты

Шымкент қаласы Патрульдік полиция полкі мен жас жол инспекторлары бірлесіп, ерекше форматта танымдық-тәрбиелік іс-шара өткізді.

Шара барысында мектеп оқушылары патрульдік полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмыс барысына куә болып, олардың қаладағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін өз көздерімен көрді. Сонымен қатар балалар Туристерге қызмет көрсету взводының да бір күндік қызметімен танысып, туристерге бағыт-бағдар беру мен шетел азаматтарына көмек көрсету, қоғамдық орындарда тыныштықты сақтау сынды жұмыстардың маңыздылығына көз жеткізді.

Іс-шара аясында жас жол инспекторлары қала тұрғындары арасында мопед пен скутер жүргізушілерінің жолдағы тәртібі туралы шағын сауалнамалар жүргізіп, маңызды мәліметтермен бөлісті. Жол ережесінің қарапайым қағидаларын түсіндіріп, шлемнің маңыздылығы, қозғалыс жылдамдығын сақтау, жаяу жүргіншілерге жол беру секілді өзекті тақырыптарды қозғады. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Полиция департаментінің қызметкерлері жас жол инспекторларымен бірлесіп қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында тұрғындарға жол жүру ережелерін сақтау, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.

«Мұндай шаралар балалардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, оларды полиция қызметіне жақындатып, патриоттық және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады» — дейді сала мамандары.

Сонымен қатар, жас жол инспекторлары жақын күндері Өскемен қаласында өтетін республикалық слётқа дайын екендіктерін нақты іс-әрекеттері арқылы көрсетіп, өз білімдері мен дағдыларын сенімді түрде дәлелдеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You