![]()
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шымкент қаласындағы Арбатта тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кезекті «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы әкімінің аппараты ұйымдастырды.
Акцияның басты мақсаты – азаматтарға өз құқықтары мен заң талаптарын түсіндіру, құқықтық мәселелерін шешуге нақты қолдау көрсету. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын сала мамандарына қойып, тегін заңгерлік кеңес алды. Іс-шараға жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустер және басқа да заң саласының мамандары қатысты. Олар азаматтардың жеке мәселелерін зер салып тыңдап, әр жағдай бойынша құқықтық түсініктеме беріп, заң аясындағы шешу жолдарын ұсынды.
Кеңес алуға келген тұрғындардың басым бөлігін жер қатынастарына қатысты мәселелер қызықтырды. Атап айтқанда, жер учаскесін алу кезегіне тұру, мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін алып қою, жер учаскелерін заңдастыру, тұрғын үй кезегіне қатысты тәртіп және баспананы жекешелендіру мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар азаматтар қалалық инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтеріп, құқықтары бұзылған жағдайда қандай тәртіппен әрекет ету керектігін сұрады. Құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар мен заңгерлер тұрғындарға өз құқықтарын қорғаудың заңды тетіктерін түсіндірді.
Бұл ретте еңбек қатынастары да назардан тыс қалған жоқ. Мамандар еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу, өндірістік жарақаттануды азайту және жұмысшылар алдындағы жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мұндай акциялар тұрғындарға құқықтық мәселелерін тиісті мамандардың көмегімен заң аясында шешуге мүмкіндік береді. Азаматтар қажетті ақпаратты тікелей сала мамандарынан алып, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың нақты жолдарын біле алады.
Кезекті «Халық заңгері» акциясы барысында 84 қала тұрғынына тегін заңгерлік кеңес берілді. “Бұл бастама халықтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, азаматтардың заңға жүгіну мәдениетін қалыптастырып, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде маңызын арттырып келеді”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
