
Шымкент қаласының полицейлері түзеу мекемелері әкімшілігінің өкілдерімен бірлесіп қамаудағыларға келіп жатқан сәлемдемелерде есірткі құралдарының болуына рейд жүргізді.
Кезекті іс-шара Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №54 мекемесінде өткізілді. Оған Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Кинологиялық қызмет орталығының кинолог-маманы және «Аша» лақап атты қызметтік іздестіру иті қатысты. Іс-шараның мақсаты – бас бостандығынан айыру орнына тыйым салынған заттардың жеткізілуін болдырмау, заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу болып табылады. Тексеру кезінде сотталғандарға алып келінген жеке заттардың, тамақ өнімдерінің ішіне есірткі немесе заңға қайшы басқа да заттардың болуына мұқият қарау жүргізілді. Қызметтік ит және арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып, есірткі заттарын немесе оларды пайдалануға ықпал ететін заттарды табуға бағытталған егжей-тегжейлі тексерулер өтті.
Рейд нәтижесі бойынша тыйым салынған заттар табылған жоқ, алайда ұйымдастырушылар тұрақты бақылаудың маңыздылығын атап көрсетті. Мұндай іс-шаралар есірткінің түзеу мекемелеріне енуіне жол бермейді және қауіпсіздікті нығайтады. Сондай-ақ, тәртіпті сақтауға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар кез келген заңсыз әрекеттердің қатаң жолын кесетінін түсінуге көмектеседі.
Бұдан бөлек Шымкент қаласында патрульдік полиция қызметкерлері аула аумағында балалардың қатысуымен орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де атап өткен жөн. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, ойын алаңдарында және жолға жақын жерлерде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі түсіндірілді. Мұндай іс-шаралар балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.
Сонымен қатар Шымкент қаласында Патрульдік полиция полкі қызметкерлері дрон құрылғысын пайдалану арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтады. Атап айтқанда, жүргізушілердің қарама-қарсы бағытқа шығу фактілері тіркелді. Бұл әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.
Анықталған деректер бойынша заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды.
Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын жалғастырып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
