Шымкентте қала әкімінің төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу және нашақорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары қаралды

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл штабының бірлескен отырысы өтті.

Жиынға жергілікті құқық қорғау және арнайы органдардың, прокуратураның басшылары, аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты. Бейнеконференция байланысы арқылы ҚР ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов және ведомство өкілдері қосылды.

Күн тәртібінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықтың алдын алу, меншікке қарсы қылмыстармен күрес, ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, білім беру ұйымдарында есірткінің таралуына жол бермеу мәселелері қаралды.

Құқық қорғау органдарының басшылары баяндама жасады. Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұхтар Қожаев қаладағы қазіргі криминогендік ахуал тұрақты болғанымен, интернет-алаяқтық, түнгі ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар және жасөспірімдер қауіпсіздігі ерекше назарды қажет ететінін айтты.

Сонымен қатар, биылғы наурыз айында күшіне енген ҚР «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңын іске асыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Басты міндет тек қылмысқа қатысты әрекет ету ғана емес, сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, себептерін ерте анықтау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру екені атап өтілді.

Жиын барысында мемлекеттік органдар мен жауапты қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту, қоғамдық орындар мен көліктерде ескерту материалдарын орналастыру, халық көп жиналатын орындар мен қоғамдық көліктердегі бейнебақылау жүйесін күшейту тапсырылды.

P.S. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы «Заң мен Тәртіп» қағидаты қоғамдағы тұрақтылықтың басты негізі екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент есірткі қылмысына, интернет-алаяқтыққа және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күресті күшейтудің маңызын айтып, бұл бағытта алдын алу шараларын жүйелі жүргізу қажеттігін жеткізген еді.

Сарапшылардың пікірінше, құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын оның алдын алу тетіктерін күшейту аса маңызды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана нақты нәтиже болады. Осыған орай тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You