Шымкентте Ақсүмбе көшесін жалғастыру үшін жер қатынастары мәселесі шешіліп жатыр

Loading

Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – Таскен тұрғын алабындағы Ақсүмбе көшесін Тұран шағынауданына дейін жалғастыру жұмыстары жалғасуда. Жоба Бәйдібек би даңғылына балама бағыт қалыптастырып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге және көлік ағынын реттеуге мүмкіндік береді. Көшенің жалпы ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаны іске асырудағы негізгі мәселелердің бірі – жол құрылысына қажетті жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу. Қазіргі таңда Ақсүмбе көшесі жалғасының құрылысына түсетін 37 жер учаскесі мен өзге де жылжымайтын мүлік нысандарын мемлекет мұқтажына алу туралы қала әкімдігінің тиісті қаулысы қабылданып, рәсімдеу жұмыстары басталған.

Бұл ретте жер иелерінің құқықтары заң талаптарына сәйкес ескеріледі. Мемлекет мұқтажы үшін жерді мәжбүрлеп иеліктен шығару Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен «Мемлекеттік мүлік туралы» заңында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Меншік иелеріне тиісті өтемақы мәселесі қаралып, бағалау және келіссөздер заңнама шеңберінде жүзеге асырылады.

Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері ескеріліп, жол құрылысының жобасына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты Шымкент қаласының жер қатынастары және жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары саласына жауапты басқармалары тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақсүмбе көшесінің жалғасын салу – жол қатынасын жақсартумен қатар, Таскен мен Тұран шағынаудандары арасындағы көлік байланысын күшейтетін инфрақұрылымдық жоба. Оның толық іске асуы қаладағы қозғалысты оңтайландыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You