
Бүгінгі күннің еншісіндегі отбасылық һәм тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-ана мен бала құқығына қатысты бірнеше ақпараттар тізбегін назарларыңызға ұсынғанды мақұл көріп отырмыз. Алдымен Шымкент қаласында прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп, алимент өндіруге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізгені хақында айтсақ.
Шара барысында жеке сот орындаушыларының қатысуымен борышкерлердің атына тіркелген автокөліктер тексерілді.
Прокуратураның тапсырмасымен 36 алимент төлемей жүрген тұлғаның көлігіне қатысты ұстап, арнайы тұраққа жеткізу туралы қаулы шығарылды. Олардың ішінен «Сергек-Қорғау» жүйесі мен Жедел басқару орталығының көмегімен анықталған 7 көлік айыптұраққа жеткізілді. Бір күн ішінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 4,7 миллион теңге көлемінде алимент қарызы өндірілді. Прокуратура баланың құқықтары мемлекет қорғауында екенін, ал алимент төлеуден жалтару қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
Бұдан бөлек Шымкент қаласының прокуратурасы білікті психологтармен бірге жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығын арттыру мәселесін талқылап, маңызды мақсаттар қойды. «Дөңгелек үстел» жас ұрпақтың өзіне сенімді, өмір сынақтарына төтеп бере алатын тұлға болып қалыптасуына бағытталды.
Тақырыпқа орай тағы бір атап өтер мәселе, мегаполисте сарбаздар арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша сауалнама өткізілді. Нақтырақ тарқатсақ, Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 6506 әскери бөлімінің сарбаздары арасында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында анонимді сауалнама ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты көзқарасты анықтау, оның алдын алу жолдары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жеке құрам арасында құқықтық сауаттылықты арттыру болды.
Полиция қызметкерлері сарбаздарға отбасы құндылықтарын сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары туралы кеңінен ақпарат берді.
Мұнан өзге бүгін “ӘЙЕЛ.ҚҰҚЫҚ.ҚОРҒАНЫС” атты 5 күндік өзін-өзі қорғау курсының екінші күні өз мәресіне жетті. Қатысушыларға зорлық-зомбылық түрлері, оның салдары, сондай-ақ тәжірибелік ақпарат берілді. Бұл іс-шара нәзік жандылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, өз қауіпсіздігін қорғауға және қорқынышсыз өмір сүруіне бағытталған. Курс жалпы 5 күнге созылады. Бүгін қатысушылар үшін өзін-өзі қорғауға арналған практикалық сабақтар басталды. Сабақтар барысында қатысушылар арнайы жаттығулар арқылы нақты қорғану тәсілдерін үйренеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
