Шымкентте шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіп аймағы ашылды

Қала күні мерекесінде шаһардағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында «ORDA NS BUILDING» ЖШС жүзеге асырған шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіп аймағының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бизнес-қоғамдастық және БАҚ өкілдері қатысты.

Жаңа өнеркәсіп аймағы шағын және орта бизнесті қолдау, өндіріс секторын дамыту және заманауи индустриялық инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатында құрылған. Жоба аясында кәсіпкерлерге дайын өндірістік алаңдар ұсынылады. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосуды жеделдетіп, жұмыс істеп тұрған өндірістердің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қала әкімі өндірістік аймақтың жұмысына сәттілік тілеп, әкімдік тарапынан барлық қажетті қолдаулар жасалатынын атап өтті.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 13 млрд теңге. Оның ішінде алғашқы кезеңге 8,3 млрд теңге инвестиция салынған. Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан көлемі 9,6 гектар жер телімі бөлінді. Нысанның өндірістік қуаты жалпы аумағы 50 мың шаршы метрге дейін дайын өндірістік ғимараттарды орналастыруға мүмкіндік береді.

Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыру. Өнеркәсіп аймағында дайын өндірістік инфрақұрылымның болуы жаңа кәсіпорындарды қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бизнестің шығындарын азайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға жол ашады.

«ORDA NS BUILDING» ЖШС директоры Ерсейіт Сапаровтың айтуынша, бүгінде кәсіпкерлер үшін идея мен қаржының болуы ғана жеткіліксіз, өндірісті жедел бастауға мүмкіндік беретін қолайлы алаң қажет. Осы мақсатта құрылған өнеркәсіп аймағы шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына, өндірістік қуаттарын кеңейтуіне және жаңа жобаларды жүзеге асыруына жағдай жасайды.

Қазіргі таңда жаңа өнеркәсіп аймағының құрамына бірнеше өндірістік кәсіпорын енген. Олардың қатарында құрылыс материалдары мен инженерлік жүйелер өндіретін «ATTILA EMPIRE» ЖШС, медициналық өнімдер шығаратын «ПРОМ-ЕА» ЖШС, қабырға және шатыр жабындарына арналған сэндвич-панельдер өндіретін «PANA PANEL» ЖШС, сондай-ақ газбен жылыту қазандықтарын шығаратын «MEGA-HEAT» зауыты бар.

Мамандардың пікірінше, мұндай өнеркәсіп аймақтарының құрылуы мегаполис экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жергілікті өндірістің үлесін көбейтуге ықпал етеді. Өнеркәсіп аймағының іске қосылуы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget