Шымкентте сотталғандардың құқықтарын қорғау және ұстау жағдайлары талқыланды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлері 6 түзеу мекемесін аралады.

Көшпелі ведомствоаралық кеңес аясында негізгі мәселелер қаралды: жедел-режимдік жағдайды қамтамасыз ету мен сотталғандардың конституциялық құқықтарының сақталуы, медициналық көмектің қолжетімділігі және білім беру бағдарламаларының сапасы. Ерекше назар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект элементтерін енгізуге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай жаңа үлгідегі мекемелер салу мәселесіне аударылды.

Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Бұл жұмыс түзеу мекемелері тек жазаны орындап қана қоймай, сонымен бірге сотталғандардың әлеуметтік қайта әлеуметтенуіне және олардың қоғамға толыққанды оралуына жағдай жасауға бағытталған.

Тағы бір атап өтер ақпарат, Шымкентте полицейлер тұрғындарға заңдағы жаңа талаптарды түсіндіруде. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін толық жауып тұратын киімдерге қатысты шектеу енгізілді. Осыған орай полиция қызметкерлері қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Заң талабы адамның түр-сипатын анықтауға мүмкіндік бермейтін киімдерге, атап айтқанда никаб пен түрлі бетперделерге қатысты. Ал хиджаб, химар, шейла сынды бет ашық қалатын киімдерге бұл шектеу жүрмейді. Сонымен бірге, медициналық, ауа райына байланысты, қызметтік не спорттық мақсаттағы киімдерге жаңа норма қолданылмайды.

Сонымен бірге қала тұрғындарына Шымкент қаласы Полиция департаменті 2025 жылдың 25 тамыз – 10 қыркүйек аралығында қала аумағында “Абайлаңыз, балалар!” атты акция өтіп жатқандығын еске салды. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.

Енді қылмыс хроникасынан бірер ақпарат. Шымкент қаласының тұрғыны интернет алаяқтардың құрбаны болып, 25 миллион теңгесінен айырылды. Алайда қылмыскерлер мұнымен тоқтамаған – олардың бірі бейнеқоңырау арқылы азаматшамен байланысқа шығып жалған ақпаратпен сеніміне кіріп, тағы да ақша алмақ болған. Жәбірленуші әйел дер кезінде киберполицияға жүгінді. Мамандар оған алаяқтардың әрекет ету тәсілін түсіндіріп, мұндай жағдайдың алдын алу жолдарын айтты.

Полиция өкілдері: «Интернеттегі бейтаныс тұлғаларға сенбеңіз, күмәнді шоттарға ақша аудармаңыз, алаяқтық белгілері байқалған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыз» — деп ескертеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You