Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты семинар ұйымдастырылды

“Бақытты отбасы — бақытты ел” акциясы аясында Шымкент қаласы бойынша қазынашылық департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілдің шақыртуымен Шымкент қаласы Полиция департаменті Отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің басшысы Жаңыл Қаныбекқызы Спанова зорлық-зомбылық (физикалық, сексуалды, психологиялық, эмоционалдық, экономикалық), кемсітушілікті және қудалауды, оның ішінде отбасылық және жұмыс орнында, әсіресе, әйелдерге қатысты, болдырмау және алдын алу мақсатында семинар өткізді.

Семинар барысында зорлық-зомбылықтың, кемсітушіліктің, қудалаудың түсініктері, түрлері, күресу жолдары, заңдық негіздемелері түсіндірілді. Соңында байланыс нөмірлері бар ақпараттық кітапша таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, қоғамда “зорлық-зомбылыққа жол жоқ” қағидатын орнықтыруға ықпал етеді.

Мұнан өзге Қазақстан Республикасы ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығында да «Құқық қорғау органдары қызметінде дене күшін, арнайы құралдарды және атыс қаруын қолданудың құқықтық мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Іс-шараға Оқу орталығының тұрақты және ауыспалы құрамы, ҚР ІІМ Бекенбаев атындағы Ақтөбе Заң институты, Шымкент қалалық соты, Шымкент қалалық прокуратурасы, Шымкент қаласы Полиция департаменті, ҚР Ұлттық ұланының №6506 әскери бөлімі, Сабыр Рахымов атындағы әскери колледж, МКҚБ, сондай-ақ Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелер қозғалып, дене күшін қолдану, арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістердің заңдық негіздері талқыланды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, мамандар нақты жағдайлар бойынша тұжырымды жауаптар берді.

«Дөңгелек үстелдің» мақсаты тәжірибе алмасу мен құқықтық сауаттылықты арттыруға үлкен үлесін қосу болып табылады.

Құқықтық сауаттылық демекші, Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Д.Бекболатұлы және Әл-Фараби АПБ ЖПҚБ КІТЖ инспекторы полиция аға лейтенанты Н.Сейтбек Шымкент қаласындағы Д.И.Менделеев атындағы №15 мектеп лицейінде балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын, құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ теріс қылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Негізгі бағыттары құқықтық түсіндіру жұмыстарын қамтиды. Олар: Балалардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру; Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы айту; Заңды бұзудың салдарына мысалдар келтіру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You