ШЫМКЕНТТЕГІ «КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Шымкентте «Көрме орталығы» қайта ашылды. Мәдениет саласының ардагері К.Айдарбекова мен Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы А.Насыр салтанатты түрде ғимараттың лентасын қиып, жиылған көпшілік «Әжелер ансамблінің» шашуымен нысанның табалдырығынан аттады.  

«Шымкент өркениеті» салтанатты жиынының аясында  роботтар көрмесі ұйымдастырылып, оның бастамашысы Д.Фалин, «Көрме орталығының» директоры З.Қарабекова құттықтау сөз сөйледі.

— Біз еліміздегі жаңа технология мен робот құрастыру саласын танытуға атсалысып келеміз. Өскелең ұрпақтың инженерлік мамандықтарға, ғылымға деген қызығушылығын оятып, өнертапқыштық қасиетін дамытсақ дейміз. Ал, осындай жұмысты халыққа паш етуде «Көрме орталығының» орны ерекше. Қайта жанданып, көрермендердің жиналып жатқанына қуаныштымыз, — деді Д.Фалин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме 21 шілдеден 11 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрермендер роботтың 85 түрімен танысып, 7 виртуалды шындық технологиясы мен 4 техношоуды тамашалай алады. Сондай-ақ, робототехника бойынша мамандардың кеңесін алып, шеберлік сағаттарына қатыса алады. Көрмені тамашалаймын деген 14-21 жас аралығындағы жастарға әр сейсенбі сайын, ал әр сәрсенбіде зейнеткерлерге  арнайы жеңілдік қарастырылған.

Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілері мерекенің сәнін келтірді.

Айта кетейік, жыл басындағы «Қаңтар оқиғасы» кезінде «Көрме орталығының» ғимараты зардап шегіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы  қала күнінің қарсаңында «Көрме орталығы» ашылған еді.  Көлемі 2 мың шаршы метрді алатын орын әкімшілік-іскерлік орталығы маңында бой көтерген болатын.  

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.