Шымкенттік полицейлер бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушілер арасында есірткіге қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Шымкент қаласының полиция департаменті мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушілерге есірткі және нашақорлықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Кезекті профилактикалық шара № 78 мекеме аумағында өтті. Шара мекемеде жазасын өтеушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды есірткінің зиянды әсерінен қорғау және қайталама қылмыстардың алдын алу бағытында ұйымдастырылды. Атап өту қажет, жазасын өтеушілердің бір бөлігі жақын күндері рақымшылық бойынша қабылданған нормативтік-құқықтық акт негізінде бостандыққа шыққан және екінші бөлігінің жазасын өтеудің беліленген мерзімі аталған құжатпен қысқартылған. Бұл профилактикалық шара олардың қоғамға қайта бейімделуіне және теріс әрекеттерге қайта баруын төмендетуге, құқықтық мәдениетін және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға оң ықпал етеді.

«Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырылатын болады», -дейді жауаптылар.

Сонымен қатар бүгін Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Сайрам» мәдениет үйінің ғимаратында қала тұрғындарымен ашық кездесу өтті. Құзырлы органдардың жеке қабылдауына 100-ге жуық тұрғын әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру мен жол жөндеу, қоғамдық көлік және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Азаматтардың талап-тілектері мұқият тыңдалып, бірқатары өз шешімін тауып құқықтық түсіндірме берілді.

Қала прокуратурасы тарапынан қажетті уәкілетті органдардың қатысуымен қала тұрғындарының осыған мағыналас көшпелі қоғамдық қабылдаулары бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылып келеді.

Бұдан бөлек бүгін Еңбекші ауданының прокуратурасы да оқу жылының жақындауына орай “Hawaii Shymkent” лагерінде балаларға арналған профилактикалық кездесу өткізді. Кездесу барысында қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі және суға түсу кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Балаларға күнделікті өмірде өздерін қауіптен қорғау жолдары көрсетілді. Прокуратура жасөспірімдерді заңға бағынуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды.

Іс-шара еркін форматта өтіп, балалар өздерінің сұрақтарын қойып, пайдалы ақпарат алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You