
«FinBridge International School» атты Шымкент қаласындағы алғашқы халықаралық мектебіне Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, Қаратау аудандық полиция басқармасы ЖПҚб Ювеналдық полиция тобы, Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері арнайы келіп, оқушылармен құқықтық тәрбие және қауіпсіздік тақырыптарында жиналыс өткізді.
Мақсат — құқықтық сауаттылықты арттыру және балаларды теріс әрекеттерден қорғау. Оқушылар белсенді түрде сұрақ қойып, өз пікірлерін ортаға салды.
Іс-шарада Киберқылмыспен күрес басқармасының мамандары оқушылармен интернет қауіпсіздігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізді. Мамандар фейк ақпарат, анонимді аккаунттар, кибербуллинг және онлайн алаяқтықтар туралы айтты. Оқушылар «сенімсіз сілтемелерге өтпеу», «бейтаныс адамдармен байланыс жасамау» сынды маңызды кеңестер алды.
Сонымен қатар “Бақытты отбасы — бақытты ел” акциясы аясында отбасындағы зорлық-зомбылықтын салдары, алдын алу ережелері түсіндірілді.
Оған қоса Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасы өкілдері де интернет алаяқтықтан сақ болу өте маңызды екенін ескертеді. «Қазір онлайн сауда, әлеуметтік желілер, мобильді банкинг кең тарағандықтан, алаяқтар түрлі әдістерді қолданып, адамдарды алдап жатады. Сондықтан интернет алаяқтықтан сақтану жолдарын санамалап өткенді жөн санадық:
- Жеке деректерді жарияламаңыз – ЖСН, банк картасының нөмірі, CVV-код, құпиясөздерді ешкімге бермеңіз.
- Сілтемелерге сақ болыңыз – Күдікті сайттар мен хабарламалардағы («SMS», «WhatsApp», «Telegram») белгісіз сілтемелерге өтпеңіз.
- Тек ресми қосымшаларды пайдаланыңыз – Банктік операцияларды тек банктің ресми қосымшасы мен сайтында жасаңыз.
- Жалған жеңілдіктерге сенбеңіз – «Арзан баға», «сыйлық ұтып алдыңыз» деген хабарламалар көбіне алдау.
- Құпиясөзді күрделі қойыңыз – Әр аккаунтқа әртүрлі, қиын құпиясөз пайдаланыңыз.
- Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз – Телефонға «SMS» немесе қосымша арқылы растау қауіпсіздікті арттырады.
- Бейтаныс адамдарға сенбеңіз – Әлеуметтік желіде «көмек керек» немесе «ақша аудар» деген хабарламаларға алданып қалмаңыз.
Егер күдікті жағдайға тап болсаңыз, дереу банкке немесе полицияға хабарласу қажет», — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
