
Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында Шымкент қаласының полиция қызметкерлері мүдделі қызмет өкілдерімен бірлесіп студенттермен демалыс алдындағы соңғы кездесулер өткізді.
Мұндай кездесудің басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу болып табылады.
Кезекті кездесу «Политехникалық колледждің» ғимаратында өткізілді. Олар студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты. Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мәселелерін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осыған сәйкес елімізде нашақорлықтың алдын алу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде алдын алу шаралары құқық қорғау органдары қызметінің маңызды бағытына айналып, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл күшейтілуде. Мұндай кездесулер жастарды зиянды әдеттерден сақтандырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, заңға құрметпен қарауға және саналы өмірлік ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді. Себебі қауіпсіз қоғам құру ең алдымен құқықтық сауаты жоғары, дені сау және белсенді ұрпақ тәрбиелеуден басталады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
