Созақ аудан әкімдігі мен аудандық прокуратура тарапынан жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін нақты қадамдар жасалып жатыр

Loading

Дәлірек айтсақ, 2026 жылдың басынан бері Созақ ауданында 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Аталған жол-көлік оқиғаларының салдарынан 36 адам түрлі дене жарақаттарын алып, медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ жол көлік оқиғасынан 7 адам қаза тапқан. Жауапты мамандардың деректері осылай дейді.

Осы ретте Созақ аудан әкімдігі мен аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен жол-көлік оқиғасының алдын алу жөнінде жиын өтті. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп рейдтік және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, аудан орталығы Шолаққорған ауылында 6 дана «Мерген» жылдамдықты бақылау құрылғысы орнатылып, 2026 жылдың 2 маусымынан бастап пайдалануға берілді. Бұл құрылғылар жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін сақтауын бақылауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Шымкент – Түркістан – Созақ бағыттарындағы автожолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің назарын жол қауіпсіздігіне аудару мақсатында 5 дана полиция қызметтік көліктерінің макеттері, 5 дана үй жануарларының мульяждары орналастырылды.

“Шолаққорған – Шымкент — Түркістан — Созақ бағыттарында жол ережесін сақтау үшін көлік қозғалысы дрон арқылы бақыланатынын ескертеміз. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмауға, қарсы бағытқа шықпауға және көлік құралын масаң күйде басқармауға шақырамыз. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әрбір азаматтың жауапкершілігі”, — дейді полицейлер.

Қалай десек те, Созақ ауданы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Созақ ауданы әкімдігінің бастамасымен және аудан аумағындағы кәсіпорындардың қолдауымен арнайы жарық шағылыстыратын қарғыбаулар алынып, Шолаққорған ауылындағы жол жиегінде жүретін ауыл шаруашылығы жануарларына тағылды. Аталған шараның мақсаты – қараңғы уақытта жол бойында немесе көлік қозғалысы қарқынды жүретін аумақтарда малдардың жүргізушілерге анық көрінуін қамтамасыз ету. Жарық шағылыстыратын қарғыбаулар көлік шамының жарығын кері шағылыстырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.

“Бұл бастама тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және мал иелерінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Алдағы уақытта аталған жұмыстар ауданға қарасты барлық ауылдық округтер мен кент әкімдіктерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Созақ ауданы әкімдігі тұрғындарды жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға, малдарын қараусыз жібермеуге және ортақ қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет”, — дейді Созақ ауданы әкімдігінің жауапты өкілдері.

Расында да, жол қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршамызға ортақ міндет. Осыған орай, барша жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Көлік құралын басқару кезінде жылдамдықты шектен асырмауға, қауіпсіздік белдігін тағуға, қарсы бағытқа шықпауға және мас күйінде көлік тізгініне отырмауға ерекше мән берулеріңізді сұраймыз.

Ата-аналарды балалардың жолда жүру мәдениетін қалыптастыруға, оларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға баулуға шақырамыз. Әрбір сақтық – адам өмірін сақтайды. Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік – қауіпсіз қоғамның негізі. Өз өміріңіз бен өзгенің амандығына бейжай қарамайық! Жол ережесін сақтау – ортақ жауапкершілік!

Естеріңізде болса, түнеугүні ғана Созақ ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жөніндегі мәжіліс өткен болатын. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жүргізді.

Жиынға Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков, аудандық полиция бөлімі, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның өкілдері мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы және салаға жауапты мамандар қатысты.

Мәжілісте соңғы кезеңде аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оның ішінде адам өліміне әкелген жол апаттарын болдырмау бағытындағы жұмыстар жан-жақты қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Нұрәділ Ерман мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде хабарлады.

Сондай-ақ, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның Созақ ауданы бойынша аймақ басшысы Алмас Саттаров облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарының барысына тоқталып, жолдарды күтіп ұстау, жолақтарды қайта сызу және жол белгілерін орнату бағытындағы жоспарлары туралы баяндады.

Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп, жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмысын жандандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Міне, осы бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің басты құндылығына айналдыру жөніндегі тапсырмаларымен толық үндеседі. Президент жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік орган мен қоғамның ортақ міндеті екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған сәйкес Үкімет соңғы жылдары жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, автоматтандырылған бақылау жүйелерін кеңейтуге, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың қауіпсіздігін арттыруға, цифрлық бақылау құралдарын енгізуге және жол қозғалысы ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейтуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.

Қазақстанда жыл сайын жол-көлік оқиғаларының әлеуметтік және экономикалық зардабын азайту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Республика көлемінде интеллектуалды бейнебақылау жүйелері, жылдамдықты автоматты тіркейтін құрылғылар, дрон арқылы бақылау, жол инфрақұрылымын халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестендіру, қауіпті учаскелерді қайта жобалау, жол белгілері мен жарықтандыру жүйелерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен бірге жүргізушілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, балалардың жолдағы қауіпсіздігін күшейтуге және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Созақ ауданында қолға алынған шаралар – осы мемлекеттік саясаттың нақты жергілікті көрінісі. Жылдамдықты бақылайтын «Мерген» кешендерінің орнатылуы, дрондардың қолданылуы, полиция көліктерінің макеттері мен жануарлар муляждарының қойылуы, жол бойындағы малдарға жарық шағылыстыратын қарғыбаулар тағу сияқты бастамалар ауданның ерекшелігі ескерілген тың әрі практикалық шешімдер саналады. Әсіресе ауылдық жерлерде қараусыз жүрген малдың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу үшін қолға алынған бұл тәжірибе адам өмірін сақтауға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында аудан аумағында 29 жол-көлік оқиғасының тіркеліп, 7 адамның қаза табуы мен 36 адамның жарақат алуы жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі салынған айыппұлмен емес, аман сақталған адам өмірімен өлшенуі тиіс. Заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы, сапалы жол инфрақұрылымы, тиімді бақылау жүйесі және әрбір жүргізушінің жеке жауапкершілігі тоғысқанда ғана қайғылы оқиғалардың саны азаяды. Өйткені жолдағы тәртіп – жай ғана ереже емес, ол әр отбасының амандығын, әр азаматтың өмірін қорғайтын ең маңызды қоғамдық құндылық. Созақ ауданында қолға алынған кешенді шаралардың басты мақсаты да – дәл осы: адам өмірін сақтау, қауіпсіз орта қалыптастыру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You