Созақ ауданында 55 көшеге жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Loading

Созақ ауданында елді мекендердегі жол сапасын жақсарту және тұрғындардың жайлы қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Биыл аудан көлемінде жалпы ұзындығы 39,5 шақырым болатын 55 көшені жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстар елді мекендердің ішкі жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік бермек.

Қазіргі таңда Шолаққорған ауылдық округінде жалпы ұзындығы 8,635 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Жеткіншек мөлтекауданындағы А.Төребеков, Атауы жоқ №1, С.Төлендіұлы және Атауы жоқ №2 көшелерінде жол құрылысы қызу жүріп жатыр.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған көшелерді аралап, жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасын бақылауға алды. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жол жабындысын төсеу кезінде белгіленген талаптарды қатаң сақтауды және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Жоспарға сәйкес Шолаққорғандағы Кіші Балдысу, Б.Тастыбаев, К.Тұрымбеков, Жібек жолы №3, Абылай хан, Т.Тоқбергенов, Жібек жолы-1, Ж.Меймандосов және Достық көшелеріне де асфальт төселеді. Сонымен қатар Абай елді мекеніндегі Шәкәрім-2, Қайсенов-2, Атауы жоқ №1 және Атауы жоқ №2 көшелерін жөндеу жұмыстары қолға алынбақ.

Аудан бойынша жоспарланған 55 көшенің 39-ына асфальт жабындысы төселеді. Олардың жалпы ұзындығы – 31,7 шақырым. Бұл жұмыстар Шолаққорған, Созақ, Таукент, Жуантөбе, Тасты, Шу және Қаратау ауылдық округтерін қамтиды.

Ал Қарақұр, Шаға, Ақсүмбе, Тайқоңыр, Қыземшек және Тасты ауылдық округтеріндегі 16 көшеге жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша ауданның бірнеше елді мекеніндегі жолдардың жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

Жол инфрақұрылымын жаңарту тек елді мекен ішіндегі көшелермен шектелмейді. Аудандық маңызы бар KXSZ-12 «КХ-57 – Созақ – Бақырлы – Ақсүмбе» автомобиль жолының 11,05 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Жобаға сәйкес аталған жолды ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.

“Жол сапасының жақсаруы – ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық байланысын нығайтатын маңызды фактор. Сондықтан Созақ ауданындағы жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тұрақты бақылауда болмақ”, — дейді жауаптылар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You