![]()
Созақ ауданында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасау және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ауданның жаңа Орталық аудандық ауруханасының құрылысына 4 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттады.
Жаңа медициналық кешеннің құрылысы Созақ ауданы үшін әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың біріне айналып отыр. Жалпы аумағы 8 мың шаршы метрден асатын нысан 165 төсек-орынға есептелген. Жобалық қуатына сәйкес, аурухана жылына 9 мыңға дейін пациент қабылдай алады.
Жаңа нысанның ерекшелігі – медициналық көмектің бірнеше бағытын бір кешенге шоғырландыруында. Мұнда негізгі медициналық қызмет түрлерімен қатар, заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілетін бөлімшелер және оңалту орталығы қарастырылған. Бұл тұрғындарға ауруды анықтаудан бастап емдеу мен қалпына келтіру кезеңіне дейінгі медициналық көмекті бір жерде алуға мүмкіндік береді.
Мұндай жобалар Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі саясатының нақты көрінісі саналады. Үкіметтің мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және реконструкциялау, жаңа медициналық нысандар салу, сондай-ақ олардың жобалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылғы шілдеде Үкіметте осы бағыттағы жұмыстардың барысы арнайы қаралып, өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды.
Ал тамыз айында Үкімет Мемлекет басшысының әлеуметтік саланың негізгі бағыттарын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аяқталғанын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілген. Бұл ауыл мен қала арасындағы медициналық инфрақұрылым алшақтығын қысқартуға бағытталған жүйелі жұмыстың ауқымын көрсетеді.
Созақтағы жаңа аурухана да осы саясаттың аудан деңгейіндегі жалғасы ретінде маңызды. Өйткені аудан аумағы кең, елді мекендер бір-бірінен шалғай орналасқан. Мұндай жағдайда заманауи жабдықталған орталық аурухананың болуы тұрғындардың қажетті медициналық көмекке уақытылы жүгінуіне мүмкіндік береді. Диагностика мен емдеу мүмкіндіктерінің кеңеюі медициналық қызмет сапасын арттыруға да әсер етеді.
Жобаның жүзеге асуына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның әлеуметтік жауапкершілігі де ықпал етіп отыр. Компанияның Түркістан облысындағы қызметі негізінен Созақ ауданымен тығыз байланысты. Ресми дерекке сәйкес, облыста «Қазатомөнеркәсіпке» қарасты 12 компания жұмыс істейді. Өңірдің тау-кен өндіру өнеркәсібінің негізгі бөлігі де осы ұлттық компанияның кәсіпорындарына тиесілі. Осыған байланысты компанияның өндірістік қызметімен қатар, өзі жұмыс істейтін аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.
Соңғы кезеңде бұл бағыттағы жобалар Созақ ауданында нақты нәтижелермен көріне бастады. Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының еншілес кәсіпорындары Шолаққорғандағы апатты үйлердің тұрғындары үшін 16 пәтерлі тұрғын үй құрылысын қаржыландырған болатын. Сондай-ақ компанияның демеушілігімен Қызылкөл, Құмкент, Бабата, Қарақұр және Қаратау елді мекендерінде ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа аурухана құрылысы да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен мемлекеттік саясаттың өзара сабақтастығын көрсететін жоба болмақ. Мемлекет әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берсе, ірі ұлттық компаниялардың әлеуметтік жобаларға қатысуы жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік береді.
Созақ ауданында экономикалық белсенділіктің артуы да мұндай әлеуметтік жобалардың маңызын күшейте түседі. Ауданға инвестиция тарту, жаңа өндірістерді іске қосу және жұмыс орындарын ашумен қатар, халықтың өмір сүру сапасына қажетті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де назар аударылуда. Демек, экономикалық өсім мен әлеуметтік даму қатар жүруі тиіс.
Жаңа аурухананың құрылысы жоспарға сәйкес 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы көзделген. Нысан іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артып, диагностика, емдеу және оңалту қызметтерінің мүмкіндігі кеңейеді.
Бұл – Созақ үшін жай ғана жаңа ғимарат емес, ауданның денсаулық сақтау жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған әлеуметтік жоба. Оның жүзеге асуы Мемлекет басшысы айқындаған адам капиталына инвестиция салу, ауыл тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту міндеттерімен сабақтасып жатыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
